Жамбыл жаңалықтар

Жамбылдық дәрігерлер ине жұтып қойған науқасты құтқарып қалды

Жамбылдық дәрігерлер ине жұтып қойған науқасты құтқарып қалды

Тараз  қалалық көпбейінді  ауруханасына аяқ астынан өкпесі шаншып, ауа жетіспей, демі үзілуге шақ қалған 27 жастағы  Б. есімді әйел адам  келіп түсті. Айтуынша, бірер күннен бері өзін нашар сезіне бастаған.

Қала сыртында тұратын ол ауруына мән бермей, орталыққа қатынауды қиын көріп,  өтіп кетер деген сеніммен жүре берген.  Уақыт озған сайын тамағынан  ас өте алмай, өңешінде бөгде зат тұрғандай әсер алған соң ғана  ауруханаға келген. Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының дәрігерлері шұғыл түрде науқасты рентгенографияға  түсіріп, тамағында ине тұрғандығын анықтайды.  Азаматша өзі де байқамай, ине жұтып қойған.

Хирургия бөлімінің меңгерушісі, білікті эндоскопист-хирург Рахымжан Ғабиден  көп ойланбастан, адамның ішкі органдарын арнайы аспап  арқылы тексеру әдісімен жасалатын эндоскопиялық ота жасауға шешім қабылдап, пациентке бұл туралы айтылады.

Алғашында «хирургиялық араласу жасалады» деген сөздің өзінен қорыққан науқас шошып кеткенімен, келіспеске амал қалмайды. Қансыз хирургиямен жасалып,  сәтті өткен отадан соң тез-ақ өзіне келген тұрғын  өзін үлкен қиындықтан құтқарып қалған дәрігерлерге алғысын жаудыруда.

 

Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі