Жамбыл жаңалықтар

Жамбылдық дәрігерлер миына қан кеткен науқасты жаңа аппараттың көмегімен аман алып қалды

Жамбылдық дәрігерлер миына қан кеткен науқасты жаңа аппараттың көмегімен аман алып қалды

Тараз қалалық көп бейінді ауруханасының нейрохирургия бөлімшесіне облыс орталығының 65 жастағы тұрғыны көп мөлшерде жедел қан жоғалту  салдарынан макроциркуляция мен микроциркуляция бұзылысымен  ағзалар  мен ағзалар жүйесінің жетіспеушілігі дамитын критикалық жағдай  бойынша миына қан кету белгісімен түседі.

Талдау-тексеру барысында пациенттің ағзасына қалыңдығы инедей ғана болатын арнайы темір құрылғы енгізіліп, қан тамырларын толық аралап шығып, майда жасушалардың әлсіз тұсының жыртылғаны анықталды. Аталмыш  аурудың қаупі жоғары болғандықтан, оған шұғыл түрде эндоваскулярлық (жүрек-қан-тамырын  стенттеу) отасы жасалды. Мұндай жедел операция - жақында ғана ауруханаға алынған жаңа  құрылғаның көмегімен мүмкін болды.

«Philips Allura Xper FD20/15» деп аталатын жоғары санатты бипланды ангиографиялық жүйесі Голландиядан сатып алынған болатын.

Нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі  Бақытжан Досжановтың айтуынша, медициналық кешен алынғалы бері 3 науқасқа күрделі операция жасалып, бәрі сәтті шыққан. Құрылғы  жыл сайын мыңға жуық жоғары технологиялық ота (тромбоэкстракция, ангиопластика, стендтеу, эмболизация) жасауға, 1500-ден астам зерттеу (коронарлық ангиография, ұйқы артериялары, перифериялық тамырларды зерттеу) жүргізуге қауқарлы. Елімізде Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан кейін Тараз шаһарында пайдалануға берілген аппарат  қалалық көп бейінді аурухана мамандарының емдеу ісіне көп пайдасын тигізуде.

Аппараттың қан тамыры ауруларының диагностикасын анықтау  мүмкіндіктері өте үлкен. Бұл – емдеу кезеңіндегі зерттеулер арқылы оталық ем қажеттілігін анықтауға септігі мол.

 

Облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі