Жамбылдық полицейлер автокөлік ұрлаған азаматты ұстады
Жамбылдық полицейлер автокөлік ұрлаған азаматты ұстады
Сарысу ауданының полиция бөліміне Жаңатас қаласының 36 жастағы тұрғыны жүгінді. Ер адам түнгі сағат 03:00 шамасында белгісіз тұлға оның "Volkswagen Passat" маркалы көлігін ұрлап, белгісіз бағытқа қашып кеткені туралы хабарлады. Келтірілген залалдың көлемі шамамен 1.000.000 теңгені құрады. Ұрланған көлік құралы Жаңатас қаласындағы саяжай аумағындағы жолдан табылды. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері Сарысу ауданының 19 жастағы тұрғынын анықтады. Ұсталған азамат кінәсін толық мойындады. Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Аталған қылмысты жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Жамбыл облысының Полиция департаменті автокөлік ұрланған жағдайда дереу полицияға хабарласуды ұсынады. Дер кезінде хабарланған ұрлық дерегінің "ізін суытпай" ашудың ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.