Жамбылдық полицейлер жалған нөмірмен жүрген автобус жүргізушісін ұстады
Ол Алматы-Түркістан бағытында 36 жолаушыны тасымалдап бара жатқан
2024 жылдың 10 маусымынан бастап Жамбыл облысының аумағында "Автобус" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Рейдің алғашқы күні полицейлер жол қозғалысын қадағалау кезінде жол ережесі бұзылған 131 фактіні тіркеген.
Сонымен қатар, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының 350-шақырымында полиция қызметкерлері Алматыдан Түркістан облысына бағыт алған жалған тіркеу нөмірлік белгімен "Yutong" маркалы қалааралық автобусты басқарған 49 жастағы жүргізушіні анықтады.
Жолаушылар автобусы айып тұраққа қойылып, 36 жолаушы басқа автобуспен жеткізілді. Сот шешімімен құқық бұзушы 2 тәулікке қамауға алынды және 1 жылға жүргізуші куәлігінен айыру түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бірінші күні айып тұраққа барлығы 12 қоғамдық көлік қойылды.
Еркебұлан Мырзабек