Жамбыл жаңалықтар

Жамбылдық полицейлер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді іс-шаралар жүргізуде

Өйткені, жол-көлік оқиғалары көбейген

Жамбылдық полицейлер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді іс-шаралар жүргізуде, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда елімізде жол-көлік апаты күн өткен сайын көбейіп келеді. Ал, тас жолда зардап шеккендер саны бойынша Алматы, Шымкент қалаларымен бірге Жамбыл облысы көш басында тұр. Сондай-ақ, көлік апаты салдарынан орын алған өлім-жітімге сәйкес, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қарағанды және Атырау өңірлері алғашқы орында. Жалпы, біздің елде жыл сайын кем дегенде екі мың азамат жол-көлік апатынан көз жұмады екен. Адам капиталына үлкен шығын әкеліп отырған мемлекеттік деңгейдегі осынау мәселе Президент Жолдауында да айтылды.

«Жол апатт ары қоғамның зор алаңдаушылығын туғызып отыр. Жыл басынан бері жол- көлік оқиғасынан 1 300-ден аса адам қаза болып, 16 мыңнан аса азамат зардап шекті. Адамдар күн сайын жол үстінде қазаға ұшырап жатыр. Олардың арасында тұтас отбасылар да бар. Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Бұл – жергілікті ғана емес, республикалық жолдарға да қатысты мәселе. Осы салаға жауапты мекеме автокөліктердің техникалық жағдайына тиісті бақылау жасауы қажет», – деген болатын Мемлекет басшысы.

Сарапшы Нұрлан Асқарұлының айтуынша, жол ережесіне пысқырмайтын жүргізушілер өзінің ғана емес, өзгенің де өмірін күйретіп жатқанын түсінуі тиіс. Ол өз сөзінде кейінгі жылдары бұған қатысты заң күшейіп, азаматтар сәл де болса қоғамдық жауапкершілікті сезіне бастағанын жеткізді.

«Президент Жолдауында жол апаттары туралы айта отырып, жергілікті және республикалық жолдардың инфрақұрылымын жақсарту жайына тоқталды. Себебі, жол сапасы – қауіпсіздікке тікелей әсер ететін бірден-бір фактор. Ойдым жолдан қашамын деп от басып жатқандар қаншама? Жолдардың жүктемеге төтеп бере алмауы, жаяу жүргіншілер жолағы мен тиісті белгілердің дұрыс құрылмауы, кейбір аймақтардағы сапасы сын көтермейтін немесе тым тар жолдар, сондай-ақ түнгі уақыттарда тас жол жиегінде жайылатын қараусыз мал қайғылы оқиғалардың орын алуы-на әкеліп соқтырады. Кейбір аймақтарда әлі күнге дейін аудан орталықтарына баратын күре жолдардың сапасы сын көтермейді. Шалғайдағы елді мекендердің жайы айтпаса да түсінікті. Деректерге көз жүгіртсек, қайғылы оқиғаларда ережені елемеудің үлесі басым. Мас күйде көлік жүргізу қылмысы түбегейлі тыйылмай тұр. Мұндай оқиғалар, әсіресе жаңа жыл қарсаңында үдей түсетіні белгілі», – дейді сарапшы.

Қазіргі күні ел аумағындағы көлік жүргізу құқығына ие азаматтардың саны 5 миллион 800 мыңнан асады. Демек, әр жыл сайын шамамен 120 мың азамат көлік жүргізу құқығына ие болуда. Ал, тұрғындардың жартысынан көбі ескі көліктерді тізгіндейді. Мамандар тозығы жеткен техника жолдағы көлік апаттарына жиі себеп болады деген пікірде. Мәселен, қоғам белсендісі Елназар Ахметбек дамыған елдерде мұндай көліктердің жүруіне мүлде рұқсат берілмейтінін алға тартады.

– Ел тұрғындары тізгіндеген көліктердің жартысына жуығы 20 жылдан асқан. Олардың заманауи қауіпсіздік жүйесі жоқ. Техникалық байқаудан амалын тауып өтіп жүр. Сандық көрсеткішпен алсақ, бұл – 3 миллион көлік. Әлбетте, жұрттың бәрі жарқыратып жаңа көлік міне алмасы тағы анық. Өйткені, жаңа көліктің бағасы шарықтап тұр. Көптеген оқиға адами фактордан, азаматтардың салғырттығы мен жауапкершілігінің төмендігінен белең алып жатыр. Жүргізушілердің жауапкершілігін оятып, түрлі келеңсіздіктің алдын алу үшін заңды барынша күшейту керек, – дейді ол.

 

Айта кетейік, үш ай бұрын Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жол-көлік апаттарының алдын алу үшін 4 және одан да көп жолағы бар 6 мың шақырымнан аса жол салу қажеттігін айтқан. Ведомство басшысы елді мекендердегі инфрақұрылым мәселесі маңызды екенін, жол апатының 85 пайызы сол жерлерде орын алатынына тоқталды. «Өлім-жітімнің төрттен бірі жаяу жүргіншілерді қағып кетуден орын алады. Олардың ең көп үлесі – Маңғыстау, Алматы мен Қызылорда облыстарына тиесілі. Себеп – жаяу жүргінші жолдарының, жарықтардың, тротуарлардың болмауы», – деді министр.

Байқап қарасаңыз, жыл сайын көлік апатына тап болып, адамдардың мерт болу факторлары автокөлік санының өсуімен бірге көбейіп келеді. Оқыс оқиға қаза тапқандардың жақындарының жанына жара салып, тіпті, кейбір ата-аналар болашағынан зор үміт күткен ұл-қыздарынан айырылуда. Қынжылтатыны, қанша дабыл қағылса да өлім-жітім азаймай тұр. Ішкі істер министрлігі қазіргі уақытта жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім-жітімнің үш түрлі себебі кең тарағанын мәлімдеді. Олар – қарама-қарсы жолаққа шығып соқтығысу, жаяу жүргіншілерді қағып кету және көліктердің аударылуы. Осы үш себеп – жол-көлік оқиғаларында қаза болғандардың 56 пайызын құрайды екен. Әрбір бесінші оқиға жылдамдықтың артуына байланысты болса, әрбір алтыншы оқиға маневр жасауға қатысты тіркелуде.

Ал, өңірде соңғы 8 айда жамбылдық полицейлердің жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша атқарған кешенді іс-шараларына қарамастан, тас жолдағы апат 614-тен 1018-ге дейін өссе, дене жарақатын алғандардың саны 931-ден 1591-ге дейін ұлғайған. Бұдан бөлек, жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын жүргізушілердің қатысуымен бас-аяғы 25 жол-көлік оқиғасы орын алса, оның салдарынан 10 адам қаза тауып, 79 азамат түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алған. Атап өтерлігі, жол-көлік апаттарының орын алуына масаң күйде көлік тізгіндейтіндер, қауіпсіздік белдігін тағуды ескермейтіндер мен көлікті басқарып келе жатып ұялы телефонмен тілдесетіндер себепкер болуда. Нақ осындай қарапайым ережелерді қаперден шығарған кейбір жүргізушілер қайғыға душар болатыны да содан. Сол себепті, әлеуметтік желі қолданушылары мас күйінде көлік басқарғандарды 7 жылға ғана емес, өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айыру керек деп есептейді.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Сингапурда мас күйінде көлік тізгіндегендер жүргізуші құқығынан айырылып, үлкен көлемде айыппұл төлегені өз алдына, мемлекет заңын сыйламағаны үшін оған дүре соғылатын көрінеді. Ал, Қытай мен Тайландта мас күйде көлік тізгіндеп, кісі өліміне соқтырған жол-көлік апаты үшін жүргізуші өлім жазасына кесілуі мүмкін. Жапонияда ішімдік ішкен жанның көлігіне отырған кез келген жолаушыға үлкен көлемде айыппұл салынады екен. Әйтсе де, ережені мың жерден күшейтсек те, еліміздің әрбір азаматы жауапкершіліктің салмағын шын сезінбесе, бұл жағдай өзгермейтіні тағы шындық.