Жамбылдық студент ерекше дрон жасап шығарды

Бүгінде инновациялық технологиялар барлық салаға енгізіліп, дамудың басты бағытына айналды. Соның бірі – дрон.
Осындай техника түрін Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті, болашақ инженер Даниил Мершиев жасап шығарды. Ол бұл туындысын “Зерттеуші дрон” деп атаған, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
ДРОН ҚАҢҚАСЫ БАМБУКТАН ЖАСАЛАДЫ
Даниил құрастырған дронның басты ерекшелігі – оның жеңіл әрі экологиялық таза материалдан жасалуы. Қаңқасын құрастыруда студент бамбукты қолданды. Бұл материал құрылғының жеңіл болуын қамтамасыз етіп қана қоймай, оның беріктігі мен ұшу тұрақтылығын арттыруға септігін тигізеді.
Бүгінде дрондар әскери саладан бастап, ауыл шаруашылығы, экологиялық зерттеулер мен қауіпсіздік салаларында кеңінен қолданылады. Мұндай өндіріспен негізінен ірі компаниялар мен ғылыми орталықтар айналысады. Дегенмен, Даниилдың мақсатына жетуіне бұл тосқауыл болған жоқ. Ол өздігінен зерттеу жүргізіп, шағын бюджетті жоба аясында қолжетімді дрон құрастырды.
ӨНЕРТАПҚЫШТЫҢ ЖЕТЕКШІСІ НЕ ДЕЙДІ
Даниилдің бұл ерекше жобасына қолдау көрсеткен жанның бірі - Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушысы, жетекшісі Бауыржан Дауылбаев. Ол шәкіртінің еңбегін жоғары бағалап отыр.
ДАНИИЛДЫҢ АЛДАҒЫ ЖОСПАРЫ
Даниилдың айтуынша, қазіргі нұсқа – алғашқы прототип қана. Ол алдағы уақытта дронның ұшу уақытын ұзарту, бейнекамера сапасын жақсарту және автономды басқару жүйесін жетілдіру сияқты бірнеше жаңарту енгізуді жоспарлап отыр.
ТЕХНИКАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ – БОЛАШАҚҚА ЖОЛ
Елімізде осңғы кездері техникалық мамандықтарға деген қызығушылық артып келеді. Жастар тек шетелдік технологияларға сүйеніп қана қоймай, өздері де жаңа нәрселер жасап шығаруға ұмтылуда. Даниилдің жұмысы – осындай қызығушылықтың нақты дәлелі. Оның жасаған дроны студенттердің техникалық шығармашылық қабілеттерін дамытуға ынталандырады.
Осындай жастардың еңбегі қолдау тауып, болашақта Қазақстанның технологиялық дамуына өз үлесін қосатыны сөзсіз. Қазіргі заман – жаңа идеялар мен жаңашыл ойларды жүзеге асыратын кезең. Ал Даниил сияқты ізденімпаз студенттер – осы дамудың қозғаушы күші.
Бақытжан Бекболат