Жамбыл жаңалықтар

Талпыныс пен табыс: Жамбылдық жас өнертапқыштың мерейін асырған жоба

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Бұл шешім еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясын жаңа технологиялар негізінде жүзеге асыру, цифрлық трансформацияны жеделдету және жасанды интеллектті кең көлемде енгізу мақсатында қабылданды.

Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатын­да: «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға да­йын екеніне сенімдімін. Оның үстіне, Қазақстанда азаматтарымыздың өмір салтын едәуір өзгерткен танымал финтех компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр», – деді.

Бұл бастама, ең алдымен, технологияға құштар, жаңашыл ойлайтын жастарға тың мүмкіндіктер сыйлап отыр. Солардың қатарында – жас өнертапқыш, болашағынан зор үміт күттіретін Ақжан Тоқтыбай бар.

Ақжан Ерғалиұлы 2008 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданына қарасты Аймантөбе ауылында дүниеге келген. Бала кезінен техникаға әуес болып, түрлі құрылғылардың жұмыс істеу қағидаттарын зерттеуге құмартады. Әрбір сым мен тетіктің өзара байланысы оны үнемі ойландырып, ізденіске жетелеген. Мектеп қабырғасында жүргенде физика, информатика және еңбек сабақтарына ерекше қызығушылық танытып, осы пәндер арқылы техникалық ойлау қабілетін дамытты.

Оқушы кезінде түрлі олимпиадалар мен байқауларға белсене қатысып, әсіресе робототехника үйірмесі аясындағы жарыстардан мол тәжірибе жинақтады. Соның бірі – «Жас өнертапқыш» байқауы. Бұл сайыстар Ақжанға өз идеяларын жүзеге асыруға, шығармашылық тұрғыда дамуға және өзіне деген сенімділігін арттыруға зор ықпал етті.

Қазіргі таңда Ақжан Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 3-курс студенті. Ол «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығы бойынша білім алуда. Мектептен бастап техникалық құрылғыларды құрастырумен айналысқан талапты жас X республикалық WorldSkills Kazakhstan–2025 чемпионатында «АКТ желілерінің инфрақұрылымы» құзыреттілігі бойынша алтын медаль иеленіп, зор жетістікке қол жеткізді.

Жас өнертапқыштың техникаға деген қызығушылығы атасы Дүйсебай Жұмабаевтың ықпалымен оянған. Ғылым мен техника саласында өмірлік тәжірибесі мол атасының ақыл-кеңесі оның кәсіби бағытын айқындауға берік негіз болды. Ал колледж қабырғасында жетекшісі Берік Молдакаримов пен кураторы Динара Кенжебекованың қолдауы Ақжанның қабілетін одан әрі шыңдауға септігін тигізді.

Осы уақытқа дейін ол бірнеше тәжірибелік жобаны жүзеге асырған. Алғашында екі дөңгелекті шағын робот құрастырса, кейін моторлы қайық, трактор, дрон секілді күрделі құрылғыларды жасады. Әрбір жоба оның инженерлік ойлау қабілетін дамытып, жаңа шешімдер табуға үйретті.

Қазіргі таңда Ақжан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ақылды арба жобасын әзірлеуде. Бұл арба мотор, компьютер және датчиктер арқылы басқарылып, сөйлей алмайтын адамдарға да ыңғайлы жүйемен жабдықталмақ. Қаржылық қиындықтарға қарамастан, жас өнертапқыш жобаны толық аяқтауға бекінген.

Ұстаздарының айтуынша, Ақжан – ізденімпаз, жауапкершілігі жоғары, әр істің мәніне терең үңілетін талапты жас. Ол тапсырманы сапалы орындап қана қоймай, қиындық туындаған сәтте мәселені өз бетінше шешуге тырысады, кеңес алудан тартынбайды әрі алған ақыл-кеңесті іс жүзінде тиімді қолдана біледі.

WorldSkills чемпионатына дайындық барысында оның еңбекқорлығы мен төзімділігі айқын көрінген. Уақыттың тығыздығы мен жоғары талаптарға қарамастан, ол бір сәт те мойымай, әр қателіктен сабақ алып, өз жұмысын жетілдіруге ұмтылды. Ұстазы Берік Молдакаримов Ақжанның бойынан үнемі өсуге деген ішкі талпынысты көретінін атап өтеді.

Жас өнертапқыштың еңбегі облыс әкімінің арнайы марапатына да ие болды. Алдағы уақытта Ақжан білімін тереңдетіп, тәжірибесін молайта отырып, елдің ғылымы мен техникасының дамуына үлес қосатын білікті маман болады деген сенім зор.