Жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу бойынша қандай жұмыстар атқарылуда
Жасөспірімдердің алаңсыз өсіп, өзін қауіпсіз ортада сезінуі – қоғамның басты міндеттерінің бірі. Балаға жайлы жағдай жасау тек ата-ананың емес, білім беру ұйымдарының, құқық қорғау органдарының және бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі болып қала береді.
Осы бағыттағы жүйелі жұмыс соңғы жылдары өз нәтижесін бере бастағаны байқалады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жамбыл облысында биыл кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық айтарлықтай төмендеді. Ресми деректерге сүйенсек, жасөспірімдер қылмысы 9,7 пайызға азайған. Бұл көрсеткіш алдын алу шараларының тиімді жүргізіліп келе жатқанын, балалардың тәртібіне қатысты бақылаудың күшейгенін және ата-аналардың жауапкершілігі артқанын білдіреді. Аса ауыр қылмыстар санының 87,5 пайызға қысқаруы да осының дәлелі.
Биыл 7 221 профилактикалық дәріс, 814 ата-аналар жиналысы, 218 «дөңгелек үстел» отырысы ұйымдастырылған. Бұл кездесулерде бала тәрбиесі, интернет қауіпсіздігі, түнгі уақытта бақылаудың маңызы, зиянды әдеттердің қаупі сияқты мәселелер талқыланды.
Мәселен таяуда ғана Тараз қаласының прокуратурасымен бірлесе өткізілген «Заң және тәртіп: жасөспірімдердің қауіпсіздігі» тақырыбындағы жиында буллинг, топтық төбелес, қорқыту сияқты өзекті мәселелер қозғалып, бейнероликтер көрсетілді. Жиналыс ашық әрі мазмұнды форматта өтті. Ата-аналарға зорлық-зомбылыққа қарсы иммунитет қалыптастыру және жасөспірімнің айналасынан туындауы мүмкін қауіп-қатер белгілері туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған профилактикалық бейнероликтер көрсетілді. Баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге, атап айтқанда алаңдаушылық, тұйықтық, енжарлық немесе денесінде түсініксіз жайттардың болуы сияқты белгілерге назар аудару қажеттілігі баса айтылды. Жиналыс барысында ата-аналар көкейдегі сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды.