«Жауын-шашынның әсері бар»: биыл Жамбылда егін бітік шыға ма
Облыста 644,5 мың гектар алқапқа дақыл егу жоспарланған
Жамбылда биыл наурыз айынан басталған егіс науқаны қалай жүріп жатыр? Жауын-шашынның жиі болуынан кейбір дақылдар кеш егіліп жатқаны белгілі. Осы орайда jambylinfo.kz тілшісі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан қыр төсіндегі қарбалас шақтың барысы туралы сұрап білді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Мұқашевтың сөзінше, бүгінгі күні аймақта 144,4 мың гектар жер жыртылып, 323,4 мың гектар алқап өңделген.
Жамбылда жалпы егіс науқаны наурыз айының аяғында басталған. Басқарма өкілінің сөзінше, жауын-шашынның толастамауы егін өніміне әсері жоқ. Бірақ, жаздық дақылдардың пісуі ұзаққа созылады.
Жауаптылар мәлімдегендей, биыл егіс науқанына қажетті 44,8 мың тонна тұқым 100 пайыз дайындалған. Қыр басындағы майданға 7 506 дана ауыл шаруашылығы техникалары қатысуда.
Сонымен қатар, 332,4 мың гектар алқапқа 53,3 мың тонна минералды тыңайтқыш ендіру жоспарланған.