Жамбыл жаңалықтар

Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арналған кеш өтті

Іс-шара мақсаты – жас ұрпаққа Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің өмірі мен ерлігін таныстыру, патриоттық сезімін ояту және тарихи оқиғаларды ұрпақ санасына сіңіру болды.

Д.А.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы мен қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жас оқырмандарға арналған «Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы» портрет кеші өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Кеш Ғани Мұратбаев атындағы №17 мектептің жас домбырашыларының орындауындағы халық күйі «Жастар биі» шығармасымен басталды. Оқушыларға Қайрат Рысқұлбековтің ерлік істері мен Желтоқсан көтерілісі туралы қысқаша бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар 9 «В» сынып оқушылары «Желтоқсан желі» атты театрландырылған көрініс ұсынды.

Кешке ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор, актер Әбиірбек Тінәлі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, актер Жүніс Әлімбек, Желтоқсан ұшқыны Қоғамдық Бірлестік төрағасы Талғат Кеншинбеков қатысты. Ардагерлер жастарға сол кезеңдегі тарихи жағдайлар мен көтерілістің маңызы туралы естеліктерін айтты.

Қазақтың рухты әндері – «Желтоқсан желі» және «Анамның тілі» кеш бойы орындалды. Әндердің авторы әрі орындаушылары Әбиірбек Тінәлі мен Жүніс Әлімбек сахнада бірге өнер көрсетті. Ардагер ұстаз Айтбаева Базаргуль Қаленбайқызының Қайрат Рысқұлбековке арналған «Тал шыбық ең биіктерге талпынған» атты өлеңі оқырмандарға арнау ретінде ұсынылды.

Кеш соңында қатысушылар батырлардың ерлігін ешқашан ұмытпайтынын атап өтті. Кітапханашылар Желтоқсан көтерілісшілерінің өмір жолдары жинақталған кітаптарды таныстырып, белсенді оқырмандар алғыс хаттармен марапатталды.