Жамбыл жаңалықтар

Жуалы ауданында Отбасы күні қалай аталып өтті

Жуалы ауданында Отбасы күні кең көлемде аталып өтті

Жуалы ауданы тұрғындары еліміздегі басты құндылықтардың бірі – отбасы институтын дәріптейтін мерекені ерекше атап өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Орталық саябақтағы тартысты сайыс

Отбасы күніне орай аудан орталығындағы саябақта 8 отбасы қатысқан қызықты сайыс өтті. Әр отбасы өз өнерін көрсетіп, бірлік пен ынтымақтың үлгісін паш етті. Тартысты өткен жарыста:

Қожабергеновтар отбасы – 1-орынды,

Нышан отбасы – 2-орынды,

Ералиевтер отбасы – 3-орынды иеленді.

Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс айтып, олардың бірлігі мен күш-жігерін жоғары бағалады. Бұл шара тек жарыс қана емес, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін, татулық пен мейірімділікті насихаттайтын мереке болды.

«Саналы ата-ана – бақытты бала» іс-шарасы

Сонымен қатар, Отбасы күні аясында Шақпақ ауылдық округіндегі №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектепте аудандық «Отбасын қолдау» орталығы мен полиция бөлімінің ұйымдастыруымен «Саналы ата-ана – бақытты бала» атты кездесу өтті.

Орталықтың психолог мамандары тұрғындарға мекеме қызметі туралы жан-жақты ақпарат беріп, ата-аналарға саналы тәрбиенің маңызы мен бала тәрбиесіне қатысты тиімді әдістерді түсіндірді.

Ювеналдық полиция қызметкерлері балалардың құқықтарын қорғау және отбасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Бұл жиынның негізгі мақсаты – ата-ана жауапкершілігін арттыру, балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттау.

Ауылдардағы түсіндіру жұмыстары

Отбасы күніне орай «Отбасын қолдау» орталығы мамандары ауыл-аймақтарды аралап, отбасылармен адрестік түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындарға әлеуметтік және психологиялық қолдау түрлері, тұрмыстық қиындықтарды шешу жолдары туралы кеңестер берілді. Сондай-ақ, орталық көрсететін қызметтер жайлы толық ақпарат ұсынылды.

Жуалы ауданында өткен бұл шаралар Отбасы күнінің мән-маңызын айқындап, әрбір шаңырақтың қоғамдағы орнын және татулықтың құндылығын айшықтай түсті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – әр отбасыға қолдау көрсетіп, олардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету.