Жуалы ауданында жаңа футбол алаңшасы пайдалануға берілді
Жаңа спорт нысаны ауыл жастарының спортқа қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануына сеп болмақ.
Жамбыл облысы Жуалы ауданына қарасты Шақпақ ауылында жасанды жабыны бар жаңа футбол алаңшасының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ауыл тұрғындары мен жасөспірімдер көптен күткен бұл нысан елді мекеннің спорттық өмірінде үлкен серпін беретін игі жобалардың бірі саналады.

Салтанатты шараға Шақпақ ауылының әкімі Нұрбақыт Балтабаев, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Керімхан Төрекұлов, ауылдың құрметті ақсақалдары мен болашақ жас футболшылары қатысты.
Ауыл ақсақалдары сөз алып, осындай игі істердің жүзеге асуына себепші болған аудан басшылығына ауыл тұрғындарының атынан ризашылық білдіріп, ақ батасын берді. Сондай-ақ, жасанды алаңды ұқыпты сақтап, жастардың игілігіне дұрыс пайдалану – ауыл тұрғындарының ортақ міндеті екенін атап өтті.
Шара аясында ауыл өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, келген қонақтар мен тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ашылу рәсімі жасөспірімдер арасындағы футбол жарысымен қорытындыланды.