Жамбыл жаңалықтар

Жуалыда аграрлық салаға қатысты маңызды жиын өтті

Басқосуда ауыл шаруашылығы саласындағы сақтандыру жүйелерінің жұмысы, оның ішінде өсімдік және мал шаруашылығындағы сақтандыру талаптары, сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиелеу мәселелері кеңінен қаралды.

Жуалы ауданы әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында аудан шаруаларымен арнайы жиын ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Басқосуда ауыл шаруашылығы саласындағы сақтандыру жүйелерінің жұмысы, оның ішінде өсімдік және мал шаруашылығындағы сақтандыру талаптары, сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиелеу мәселелері кеңінен қаралды.

Жиынға агроөнеркәсіп кешенінде еңбек етіп жүрген шаруа қожалықтарының басшылары, ауылдық округ әкімдері және ауыл шаруашылығы саласына жауапты мамандар қатысты.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Айдос Асабаев ашып, жүргізді. Кездесу барысында агросақтандыру саласында қызмет атқаратын серіктестіктің бас директоры Салтанат Сатыбалдина ауыл шаруашылығындағы сақтандыру шараларының маңыздылығына тоқталып, егін және мал шаруашылығын сақтандырудың негізгі шарттары мен талаптарын жан-жақты түсіндірді.

Сонымен қатар, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Болат Сағынбеков Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған мемлекеттік және қаржылық қолдау тетіктері жөнінде маңызды мәліметтермен бөлісті.

Ал «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның жетекші маманы Құралай Жаханша «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерге берілетін жеңілдетілген несиелердің талаптары мен шарттарын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Жиын соңында шаруалар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Мұндай кездесулер ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, шаруаларға көрсетілетін қолдау тетіктерін кеңінен түсіндіруге және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуына үлкен септігін тигізеді.