Жуалыда Бауыржан Момышұлының бюсті ашылып, стела бой көтерді
Жуалыда Бауыржан Момышұлының бюсті ашылып, стела бой көтерді
Кеңес Одағының батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына орай туған өңірі Жамбыл облысы Жуалы ауданында кеңінен аталып өтті.
Тұлғаның мерейтойы өзінің туып-өскен Жуалы жерінде аталып өтті. Мерейтой шаралары Б.Момышұлы ауылындағы батыр ескерткішіне гүл шоғын қойып, рухына тағзым етуден басталды.
Бұдан соң Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған тамған Мыңбұлақ өңіріндегі Момыш бұлағының басында батырдың әруағына арнап құран оқылды.
Демеушілердің көмегімен бұлақ басына баратын бір шақырымға жуық жолға шағалтас төселіп тегістелді. Бұлақ басы қоршалып, сән ағаштары отырғызылған. Арнайы бой көтерген стеланың ашылу салтаны өтті.
Шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев, аудан басшылары мен ардагерлер ұйымдары мен жұртшылық өкілдері қатысты.
«Жуалы» мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбек Құран аяттарын оқыды. Ауданның қадірменді ақсақалы, Момыш бұлағының күтімге алынып, көркеюіне еңбек сіңірген Аманжол қажы Дүрәліұлы көпшілікке ақ батасын берді.
Сондай-ақ, Жуалы аудан аумағында орналасқан ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облыстық департаментіне қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы шекара бөлімшесінде батыр бюстінің ашылуы салтанаты өтті.
Шекара бөлімшесінің жеке құрамы мерекелік сапқа тұрғызылып, Мемлекеттік Әнұран шырқалды. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев, Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков, Шекара қызметі Жамбыл облыстық департаментінің басқарма бастығы Қанатбек Тыныбеков шекарашылар мен жиылған жұртшылықты осынау маңызы терең қуанышты оқиғамен құттықтай отырып, ізгі лебізін білдірді.
Батыр бюстінің лентасын Талғат Мамаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков кесті. Тұлғаның мерейтойына орай ауданда өзге де іс-шаралар ұйымдастырылды.