Жамбыл жаңалықтар

Жуалыдағы сүт зауыты өз тұтынушыларын сапалы өнімдерімен қуантуда

Бүгінде Жуалы ауданында 10 сүт өңдеу цехы жұмыс істейді.

  Олар негізінен шағын және орта деңгейдегі кәсіпорындар санатына жатады. Бұл цехтар жергілікті фермерлерден сүт қабылдап, өңірдің ішкі нарығын түрлі сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz  

Әрқайсысының өндірістік қуаты әртүрлі болғанымен, барлығы да ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, өңір экономикасына үлес қосып келеді.
Сонымен қатар кейбір цехтардың өнімдері Тараз, Шымкент, Алматы қалаларына ғана емес, шетелге де экспортталып жатыр.

Осы бағытта өз ісімен үлес қосып келе жатқан кәсіпкердің бірі – Мұратбек Нысанов. Ол Бауыржан Момышұлы ауылында орналасқан «Ali-Ko Sut» шағын сүт цехын 2021 жылы іске қосқан. Бүгінде цех күн сайын өнім көлемін арттырып, сұранысқа ие сапалы өнімдер шығарып келеді.

Цехта ауылдың жеті тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Технолог, зертханашы, сүт қабылдаушы, май әзірлеуші сынды мамандар санитарлық талаптар мен қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып жұмыс істейді. Орташа жалақы 100 мың теңгеден жоғары.

Мұрат Нысановтың айтуынша, цех аудан ауылдарынан тәулігіне 1,8 тонна сүт қабылдайды. Өнімдер аудан орталығы дүкендеріне, Тараз және Алматы қалаларына жеткізіледі. Қазіргі таңда цех сүттен май, қаймақ, сүзбе, ірімшік, құрт қана емес, айран мен сыр өндіруді де жолға қойған.

Иә, тынымсыз еңбек пен табандылықтың арқасында «Ali-Ko Sut» ауылдық жерден шығып, үлкен нарыққа бет алған өндіріс ошағына айналып келеді. Адал еңбекпен ілгерілеген шағын цехтың болашағына сенім зор.