Жуалыдағы жол жөндеу жұмыстары көңілден шыға ма?
«Жолдың жайын жүрген біледі» демекші, аудандағы кейбір ауылішілік және ауыларалық жолдардың жағдайы әлі де толық шешімін тапқан жоқ. Дегенмен, соңғы жылдары бұл бағытта нақты істер атқарылуда. Солардың бірі – Қошқарата ауылы мен аудан орталығы арасындағы жолдың жаңаруы.
Бұған дейін жиі көтеріліп келген бұл мәселе биыл шешімін тауып, облыстық маңыздағы «Б.Момышұлы – Көлтоған – Қошқарата – Қызтоған» бағытындағы жолда күрделі жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Биыл бұл бағыттағы құрылыс жұмыстарын «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Мұндағы құрылыс жұмыстары маусым айының басында басталған болатын. Күрделі жол жұмыстары сапалы түрде атқарылып жатыр. Құрылыс учаскесінің бастығы Нұрғали Әміреевтың айтуынша, күрежолдың сапасына басымдық берілген.
Атап айтқанда, «Б.Момышұлы-КөлтоғанҚошқарата-Қызтоған» бағытындағы облыстық мәндегі автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстары Қошқарата ауылдық округінен басталып, дәлірек айтсақ, 45-60 шақырымның арасында жүргізілуде. Жаңадан салынып жатқан автомобиль жолының ені – 6 метрді құраса, асфальт жабынының қалыңдығы – 7 сантиметр.
Көрші Түркістан облысымен жалғастыратын Қошқарата бағытындағы жол құрылысына 40 адам жұмылдырылған. Бұдан бөлек, жол құрылысына 32 техника тартылған. Құрылыс алаңында 20 «КамАЗ», бір грейдер, бір асфальт төсеуші, екі су таситын жүк көлігі, басқа да техникалармен қатар асфальт тегістеуші мен экскаваторлар жұмыс істеуде. Учаске бастығының айтуынша, оларды тізгіндеген механизаторлар өз ісінің нағыз мамандары екен.
Сонымен қоса биыл ауданға қарасты Қошқарата ауылындағы Д.Қонаев көшесі орта жөндеу жұмыстарынан өткен. Жобаны мердігер «ПМК-109» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарған. Техникалық қадағалаушы – «Аркада KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.