Әйел — ұлттың ұйытқысы

0

 

Облыс əкімі Бердібек Сапарбаев көпбалалы аналар мен түрлі салада жетістікке қол жеткізген əйелдер қауымын салтанатты жағдайда құттықтады. Кездесуге бейне-байланыс арқылы 300-ден аса әйел қатысты.

«Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын! Әйел – ұлттың ұйытқысы, шаңырақтағы тағылымды тәрбиенің көзі, сүйіспеншілік пен сыйластықтың алтын арқауы. «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген даналық сөз бар. Қазіргі кезде қоғамдық өмірдің кез келген саласын әйелдерсіз елестету мүмкін емес. Істің көзін таба білген кәсіпкерлердің 40 пайызы әйел азаматтар. Білім саласындағы қызметкерлердің 75 пайызы, денсаулық сақтау саласында 85 пайызы, үкіметтік емес ұйымдарда да әйел кісілердің белсенділігі жоғары», – деді Бердібек Сапарбаев.

Алғашқы болып сөз алған елге белгілі саясаткер Нілзия Рахышева бүгінде облыста атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары бағалады. Одан кейін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айша Көпжасарова «Ана» атты өлеңін нақышына келітіріп оқып берді. Ал Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының пульмонология дəрігері Нұрсұлу Мұхамбетқалиева барша аналарға арнаған құттықтауын жеткізді. Аймақ басшысы дəрігерлердің коронавируспен күрестегі еңбегіне де ерекше тоқталып өтті. Өз кезегінде кәсіпкер Анар Бексұлтанова тағдырдың басына салған ауыртпалығымен күресе отырып, тың кәсіп бастағаны туралы айтып берді.

«Анар, бірінші топтағы мүгедек. Солай бола тұрса да ол өзінің ісімен, жұмысымен, іскерлігімен он екі мүшесі сау адамға үлгі болып, еңбек етсең мақсатыңа жетуге болатынын дәлелдеп отыр. Біріншіден ол – ана, екіншіден – кәсіпкер. Ұлттық өнерімізді дамытуда. Басқа жерлестеріміз Анардан үлгі алып, кәсіп ашуға бейімделу керек», – деді Б. Сапарбаев.

Салтанатты шарада полиция подполковнигі, көпбалалы ана Диляфруз Кенжехановаға берілді. Диляфруз өзінің 5 баласымен бірге балалар үйінен 4 баланы асырап алып, тәрбие беруде. «Әрбір адам өзінің кіндіқ қаны тамған жерінің патриоты болуы тиіс. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Әйел – өмір тірегі ғана емес, әйел – өмірдің өзі» деген сөзі өмірдің мәні мен сәніне айналған ардақты аналарға, аяулы қарындастарға берілген ең лайықты баға деп білемін. Бүгінгідей мерейлі мерекеде өздеріңізге еліміздің гүлденуі жолындағы қызметтеріңіз үшін алғыс білдіремін. Әрқашан құшақтарыңыз гүлге толып, жүздеріңізден күлкі кетпесін!»,– деп түйіндеді облыс әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.