Жаңалықтар

24 қазан - кітапханашылар күні

Бүгін еліміздің кітапханашылары кәсіби мерекесін атап өтіп жатыр

Бұл атаулы дата 2022 жылдан бері аталып келеді. Үкіметтің 2022 жылғы 18 қазан № 833 қаулысымен «24 қазан- кітапханашылар күні» болып бекітіліп, үш жылдан бері бұл мереке ресми түрде аталып келеді. Осы айтулы күнге орай Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы аудан кітапханашылары арасында «Кітапхана көшбасшысы-2024» байқауын ұйымдастырды, деп хабарлайды деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Бүгінде рухани өміріміздің өзегі іспеттес ғылымды көпшілік оқырманға, ертеңгі ел тізгіні ұстар жас жеткіншек ұрпаққа насихаттауда, рухани мәдени байлығымызды ұрпақтан - ұрпаққа жеткізуші кітапхана болса, сол байлықты өз оқырманына таныстырып, табыстырушы өзіндік тұлға, ол – кітапханашы. Сатылмайтын, сарқылмайтын қазына – білім кітапта десек, сол құндылықтарды сақтап, күтіп, оқырманға жеткізіп отыратын кітапханашылар халықтың асыл мұрасын сақтаушылар екені рас

Қазір елімізде түрлі деңгейдегі 12 мыңға жуық кітапхана тіркелсе, соның ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты 4 мыңға жуық кітапхана бар. Көпшілікке қолжетімді кітапханаларда 9 502 кітапханашы еңбек етеді

Жасыратыны жоқ, қазір балалар кітап оқығаннан гөрі смартфонға үйір. Бәлкім, балалар кітапханашыларының байқауын өткізудегі мақсаттың астарында жасөспірімдердің кітапқа деген құлшынысын арттыру да бар шығар. Бұлай ой түйуімізге балалар кітапханашыларының байқауда көрсеткен түрлі жобалары түрткі болды. Балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға тарту үшін кітапханашылар жаңаша әдіс-тәсілдерді пайдаланып, өздері ойлап тапқан жобаларымен сынға түсті.

 Облыстық байқауға Байзақ, Шу, Жамбыл, Сарысу, Жуалы, Мойынқұм, Меркі, Қордай, Талас аудандарының балалар мен жасөспірімдер кітапханаларынан  9  үміткер қатысты. Алғашқы кезең бойынша олар өздерін, жұмыстарын ұтымды әдіспен таныстырып, партфолиоларын ұсынды. Осы кезеңде өз жұмысына жасанды интеллектті қолданған Жамбыл ауданының кітапханашысы Замира Хожамқұлованың жұмысы замана жаңалығын жетік меңгере білетін талапшылдығын танытты.

Байқаудың екінші кезеңінде қатысушылар «Менің мамандығым – менің мақтанышым» атауымен жаңа форматтағы үздік жұмыс түрін ұсыну керек. Яғни, өздері жас оқырмандарды кітапханаға қызықтыруда қолданатын бағдарламаларын, бір немесе бірнеше бағыт бойынша даму жобасын, еркін жұмыс түрін көрсетеді. Бірінен бірі асқан кітапханашылардың жобалары ішінде, әсіресе Сарысу ауданының кітапханашысы Әсем Тұрсынбай өзімен бірге жас оқырмандарын ерте келіп, қуыршақ театрын көрсеткені ерекше әсерлендірді. Ертегі кейіпкерлерінің бейнесін киізден тігіп, оны балалар қолдарына киіп, қызықты театрлық қойлым көрсетті. Театр сахнасының макетін қатты қағаздан сәндеп жасағаны да көзге түсті. Алғашқы кезеңде ізденімпаздығымен көзге түскен Жамбыл ауданынан келген Замира Дүйсенғалиқызы Бердібек Соқпақбаевтыің 100 жылдығына арнап ауданда өткізген мәнерлеп оқу жарысынан үздік болып топ жарған оқырмандары облыстық байқауға келіп, «Менің атым Қожа» шығармасының үзіндісін сахналады.

Бұдан кейін қатысушылар «Үздік библиографиялық шолу», кітапханашы мамандығына қатысты сұрақ-жауап кезеңдерінде білімдерін сынап, соңында өз өнерлерін көрсетті. Осындай сынақтардан кәсібиліктерін, білімдерін байқатқан кітапханашылар арасында Жамбыл ауданының кітапханашысы Замира Хожамқұлова озық шығып, І орынға лайық деп танылды. Ал, ІІ орынды Меркі ауданының кітапханашысы Айнұр Ергеш жеңіп алса, ІІІ орынды Байзақ ауданының кітапханашысы Ақмарал Саршаева олжалады. Басқа қатысушылар өздері көрсеткен жұмыстарына қарай түрлі аталымдармен марапатталды.

– Бұл байқауда біз жас мамандардың шығармашылық жетістіктерін айқындап, еңбектің жаңа формалары мен әдістерін енгізуге ықпал етуді, ұжымда позитивті жұмыс дәстүрін қалыптастырып, кітапхана мен оның қызметкерлерінің имиджін нығайтуды көздедік. Кәсіби шеберлікті жетілдіру, шығармашылығы мол адамдарды анықтау және оларды мадақтау мақсат етілді. Мұндай байқаулар облыстың балалар кітапханаларындағы жұмыс түрлері мен әдістерін жетілдіреді. Сонымен қатар, қатысушы мамандар облыс балалары мен жасөспірімдеріне кітапханалық және ақпараттық қызмет көрсетудің қызғылықты түрлерінің нәтижелерімен бөліседі. Байқау арқылы бүгінгі күні балалар мен жасөспірімдер кітапханаларында оқырмандардың қойған талаптарына сай бола алатын білімді, мақсаткер, шығармашыл, өзгерістерді дер кезінде көріп, дұрыс шешім қабылдай алатын жоғары деңгейдегі мамандар анықталады. Қатысушылар өзге әріптестерінің озық тәжірибесін алып, өз жұмысында пайдалана отырып, одан да ұтымды тәсілді ойлап табуына мүмкіндік алады. Байқау өз мақсатына жетті деп ойлаймын, себебі расымен де заманауи жетістіктерді өз жұмыстарына тиімді пайдаланған кітапханашылар кездесті. Кәсіби мерекемен барша әріптестерімді құтыттай отырып, сәттілік пен шығармашалық табыс тілеймін, – дейді Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гульфайруз Инкарбекова.

Кітапханашылардың байқауда көрсеткен еңбектерінен оқырмандарды кітап оқуға қызықтыра тарту үшін үнемі ізденісте жүретіні аңғарылды. Тіпті, балалардың қызығушылығын тудырған цифрлық техниканы да кітапханашылар өз саласының жұмысына ұтымды пайдаланатындары көрінді.

Байқаудың соңында облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ауданнан келген кітапханашыларға әдістемелік көмек ретінде үздік жобалар мен оның жасалу жолдары туралы кітапшалар таратылып, дәстүрлі емес үздік кітап көрмелерін көрсетіп, таныстырды.

Білімге ұмтылған оқырманның табылар жері – кітапхана. Жаңа технология заманында да кітап адамның ой-өрісіне ықпал жасап, рухани азығы болып қала бермек. «Кітапханашы күні – қызметкерлердің ғана мерекесі емес, ол оқырмандардың да мерекесі. Кітапханалар – ғасырлар бойы келе жатқан биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы,ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы ол кітапханашылар. Сондықтан кітапханашыларды, оқырмандарды бүгінгі айтулы  күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ – береке, еңбектеріңізге шығармашылық табыстар тілейміз.