"Тараз тұрғындарға қолайлы қала ма?": 400 мыңнан аса халқы бар шаhарда шешілмеген мәселе көп
Жылдан жылға шаһар тұрғындарының саны ғана емес, қала аумағы да артып келеді
Бүгінгі күні Тараз қаласында 25 өзекті мәселе туындап отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қала әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте аумақтық округтердегі ахуал жіті қаралып, жауаптыларға тапсырмалар жүктелді. Қала әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дамир Аймановтың айтуынша, қазіргі таңда шаһардағы 11 аумақтық округте 25 өзекті мәселе туындап отыр екен.
Өз кезегінде Бақытжан Әмірбекұлы әр округ инспекторынан жеке-жеке жауап алып, нақты тапсырмаларын жүктеді. Шаһар басшысы округтердегі санитарлық тазалық жұмыстары, жарық, жол, тұрғын үй құрылысы мен тал кесу сынды жұмыстарда олқылықтар көп орын алып жатқанын ашып айтып, туындаған мәселелерді шешуді міндеттеді.
Айта кетейік, өткен жылы ғана қаланы дамытудың бас жоспары бекітіліп, 2010 жылы қабылданған жоспардың күші жойылған. Биыл шаһардағы жұмыс жүйесін тауып, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне жайлы жағдай жасау бойынша бірқатар шаруалар атқарылып жатыр. Соның ішінде қаладағы алып аумақтарды байланыстыратын көпір салу мәселесі халық үшін маңызды. Облыс орталығының "Залиний" аталып кеткен аумағымен байланыстыратын көпірді салу жұмыстары 2024 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған.
Еске салайық, көпірдің ұзындығы 1 шақырымдай, ені 17 метр болмақ.