Жаңалықтар

“Ақиқатқа өз күшіммен жетемін“

Шерзаттың әкесі құзырлы органдарға сенбейтінін айтты

Талғарда бір топ кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың әкесі құзырлы органдарға сенбейтінін айтты, – деп хабарлайды Jambylinfo.kz  Massaget.kz ке сілтеме жасап 

"Құзырлы органдарға сене алмаймын. Ақиқатқа өз күшіммен жетемін. Сол үшін өзімді сақтап отырмын. Мен де жетім емеспін. Көріп отырсыз ғой, жора-жолдасым бар, бірақ менің айтатыным – біреудің жолын кескенім жоқ, біреудің обалына қалғаным жоқ, еш жерде ұрлық жасағаным жоқ, біреудің әкесін-шешесін боқтағаным жоқ. Болатын іс болды енді. Соңын күту керек", – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Шерзат Болаттың үйі өртеніп кеткенін хабарлаған едік.

Бұл туралы әуелі әлеуметтік желіде хабар тарады. Куәгерлердің сөзінше, үй тегіс өртеніп кеткен.

Бөтеннің мүлкін қасақана жою дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Тергеу аясында куәгерлерден жауап алынып, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп жатыр. 

Марқұмның отбасын полиция күзететін болды.

Осы оқиғадан кейін Бас прокуратура мәлімдеме жасады.

Марқұмның әпкесі Перизат Нұрымова оқиға орнына барған Massaget.kz тілшісіне сұхбат берді.

Оның айтуынша, олар бұл үйге бір аптаға жуық уақыт келмеген, бірақ дәл кеше осында Құран оқытпақшы болып, тазалап кеткен.

Ол сонымен бірге үйдің дәл Шерзаттың жеті күндік асы күні өртенгенін айтты.

"Бүгін негізі – Шерзаттың "жетісі" ғой. Жетісін Талғарда қайтқан күні таратып жіберген болатынбыз, бірақ мына үйден "Иіс шығарайық" деп дайындалған едік. Іштің бәрін сыпырып, жуып, тазалап кеттік. Кешке дейін осында болдық", – деді ол.