Жаңалықтар

Ақтөбе облысында қар құрсауында қалған 79 адам құтқарылды

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Түнде Ақтөбе облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты бірқатар жолдар жабылды. Хромтау ауданында қар құрсауында ондаған адам қалып қойған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

ТЖМ құтқарушылары жедел режимде жұмыс істеп, блок-бекеттерден 79 адамды эвакуациялады.

Хромтау қаласында жеңіл автокөліктерден 17 адам, оның ішінде 3 бала құтқарылды. Сонымен қатар, Шымкент–Қазан бағыты бойынша келе жатқан рейстік автобустың техникалық ақауына байланысты ішінде болған Өзбекстан Республикасының 62 азаматы эвакуацияланды.

Рейстік автобустың жолаушылары жылыту пунктіне жеткізіліп, уақытша орналастырылды.

ТЖМ мамандары жолға шығар алдында ауа райы болжамын және жолдардың жағдайын алдын ала тексеруге кеңес береді. Құтқарушылардың айтуынша, қауіпсіздік үнемделген уақыттан әлдеқайда маңызды.