Абаев: Көшпенділер ойындарын Қазақстанда өткізу – аса жауапты жұмыс

0 14

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының эстафетасы Қазақстанға табыс етілді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат .

«Сүйінші, ағайын! Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Мәдениет және спорт министрлігі делегациясы IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу үшін Түркияға арнайы барып, ақжолтай жаңалықпен оралып отыр. Сапар барысындағы өзекті мәселелердің бірі – Қазақстанда V Ойындарды өткізу жөніндегі келіссөздер болатын. Нәтижесінде, Түркияның Жастар және спорт министрі Мехмет Касапоглу кеше салтанатты түрде аталған ауқымды шараның эстафетасын елімізге табыс етті. Яғни, ресми түрде Қазақстан – 2024 жылғы бесінші Дүниежүзі көшпенділер ойындарын өткізуші мемлекет ретінде белгіленді», — деп жазды Б. Абаев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Осы орайда көшпенділер ойындарын Қазақстанда өткізу аса жауапты жұмыс екенін айтты.

«Мыңжылдықтардың мұрасына ие, көшпелі дала салтын ұлықтаған ел ретінде бұл дүбірлі доданы жоғары деңгейде өткіземіз деп сенемін. Кеше Түркия төрінде ел намысын қорғап, ерекше нәтиже көрсеткен барлық жеңімпазды тағы да шын жүректен құттықтаймын! Ат үстіндегі Алаш рухының айбыны арта берсін!», — деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Түркі қоғамдастығы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын 2024 жылы Қазақстанда өткізу жөніндегі ұсынысты бірауыздан қолдады.

IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ спортшылары 9 медаль жеңіп алды, оның ішінде 3 алтын, 4 күміс және 2 қола.

Leave A Reply

Your email address will not be published.