Адам өлтірген қылмыскер полиция оғынан көз жұмды

0

Қостанай облысында екі сәбидің анасын аса қатыгездікпен өлтірген қылмыскер полиция оғынан көз жұмды. Полиция Сарыкөл ауданына қарасты Новое ауылында өз үйінде пышақ жарақатынан көз жұмған әйелдің табылғаны туралы мәлімдеді. Қызыл қанға малынған мәйітті таңғы сағат 9.25-те туған анасы тапқан.

 

Оқиға орнына жеткен жедел тергеу тобы көз жұмған әйелдің денесіне 23 пышақ жарақаты түскенін анықтап отыр. Тергеу тобының болжамынша, әйел ажал тырнағынан құтылмақ болып жан дәрмен арпалысқа түсіп, шамасы жеткенше қарсылық көрсеткенге ұқсайды. Өйткені қолдарында пышақ ізі қалған.

Полицияның бастапқы жедел тергеу шаралары нәтижесінде әйелдің бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған көршісінің қолынан мерт болғаны анықталды. Тәртіп сақшылары 40-тан астам ауыл тұрғынынан жауап алған. Олардың бірі полиция сұрап отырған адамға ұқсайтын біреудің орманға қарай кетіп бара жатқанын көргенін айтқан.

​Осылайша, облыста дереу «Ұстау» шарасы жарияланып, көп кешікпей ауылдан 40 шақырым ұзап үлгерген күдікті көзге ілігеді. Полицейлерді байқап қалған ер адам сол маңайдағы омартаның қасында тұрған вагонға қарай қаша жөнелген.

«Ұстау барысында ол қатты қарсылық көрсетіп, полицейлердің біріне пышақ жарақатын салды. Ұстау тобы оған қаруын тастап, өз еркімен полицияға берілуін сұрады. Одан кейін жоғарыға қарай ескерту оғы атылды. Алайда күдікті мұның біріне құлақ аспай, тәртіп сақшыларына пышақ сілтей бастады. Адам өміріне төніп тұрған қауіп пен сол маңдағы азаматтардың қауіпсіздігі ескеріліп, ұстау кезінде табельдік қарудан оқ атуға тура келді. Ер адам алған жарақатынан көз жұмды. Қазір табельді қару қолданудың қаншалықты заңды болғаны тексеріліп жатыр», деп мәлімдеді облыстық ПД-ның баспасөз қызметі.

​Сондай-ақ полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабында көрсетілген кісі өлтіру қылмысы бойынша сотқа дейінгі тергеу шараларын бастады. Күдіктінің қолынан көз жұмған әйелдің артында 3 жасар және 10 айлық екі баласы жетім қалды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.