Жаңалықтар

Агросаланы дамуына серпін берген жан

Ауылшаруашылығын әртараптандыру – бүгінгі күннің басты талабы. Осы үдеден шығып отырған агроқұрылымның бірі – «Әділет» шаруа қожалығы. 1991 жылы құрылған шаруа қожалыққа Бесбай Қансейітұлы жетекшілік етеді.

– Еңбекке ерте араластым. Әкем Қансейіт Қызтоған ауылында дүкенші болды. Кейіннен колхозда есепші болып жұмыс істеп жүргенде көзіне темір жаңқасы кіріп кетіп, жанары көрмей қалды. Ал анам Күлпатша үй шаруасындағы кісі болатын. Үйдің үлкені болғандықтан менің жастай жұмысқа араласуыма тура келді. Сөйтіп өзімнің өкшемді басып келе жатқан іні-қарындастарыма осылай қарайласып, ата-анама бір жағынан сүйеу болып, табыс таптым. Бір жағы әкемнің айтуымен көктемде 10-15 бас бір жасар бұзау сатып алып, соны күзге дейін жұмыс арасында қарап, қара күзде базарға өткеріп, іні-қарындастарымды киіндіріп, үйдің керек-жарағын түгендеп отырдым. Әрине, ол бұзауларды бағуда менен кейінгі бауырларымның да үлесі болды. Бірақ, барлығын әкеміз Қансейіттің басшылығымен жүзеге асырдық. Осы іс кейін тәуелсіздік ала салысымен өз кәсібімді ашуға себепші болған еді, – дейді Бесбай Қансейітұлы.

Еңбек адамды биік белестерге жетелейтіні белгілі. Мектепті бітірген соң Бесбай аға Түркістан индустриалдық педагогикалық техникумын бітіріп, туып-өскен өңірдегі «ХХІІ-партсъезд» колхозында механик болып еңбек жолын бастайды. Арасында азаматтық борышын сол тұстағы одақтың Қиыр Шығысында өтеп келді.Әскерден келген соң техниканың тілін жақсы білетін ол науқан кезінде трактор, комбайн тізгінінен табылды. Төккен тер, еткен еңбек еш кетпеді. 1978 жылы астық жинауда әріптестерінің арасында рекорд орнатып, ол басқарған комбайншылар бригадасы ауданда бірінші орынды иеленді. Аудан орталығында өткен ауылшаруашылығы қызметкерлерінің басқосуында оған «Жигули-2102» маркалы жеңіл автокөлігі тарту етілді.– Еңбегіңнің жанғаны деген осы болар. Қатты қуандым. Сол кезде бар болғаны 24 жаста екенмін. Бұдан кейін де осындай жүлдеге екі рет ие болдым. Бірақ, ол жүлделерді өзім алмай, қасымдағы жігіттерге бұрдым. Сол жылы бесжылдықтың жеңімпазы деген атақты қоса алғанмын. Осы абыроймен мені бір айға Германия демократиялық республикасына демалысқа жіберді. Демалыстың арқасында талай жерді аралап, Германиядағы шаруашылықтардың жұмысымен танысып, тәжірибе жинап қайттым. Бұл жеңісім менің болашағымның бағдары болған сияқты, – дейді Бесбай Қансейітұлы.

Мұнымен тоқтап қалмаған ол еңбектен қол үзбей жүріп Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын бітіріп алды. Ал ол басқарған бригада жылда бірінші орынды жеңіп алып отырды. 1980 жылы екінші рет қайтара ұсынылған жеңіл автокөлікті қасындағы жігіттерге беріп, мәрттігімен көзге түседі. Аудан басшылығы да оны марапатсыз қалдырмады. Сөйтіп 26 жасында «Еңбек даңқы» орденін алған еді. Осы құрметпен бірге қызметі де жоғарылай түсті. Аудан басшылығы өзі қызмет істейтін кеңшардың комсомол хатшысы етіп сайлады. Одан кейін «ХХІІ партсъезд» колхозына бас инженер етіп тағайындайды.

– Қайта құру кезеңінде елімізде экономикалық дағдарыс орын алды. Сол қайта құру кезеңінде «комерсант» деген термин енді. Қазіргі тілмен айтқанда сауда-саттық бизнесі. Бұл кез шаруашылықтар үшін аса ауыр кезең болатын. Сол тұста ауданда алғашқылардың бірі болып өз шаруа қожалығымды құрдым. Әкемнің бұзау бағу тәсілі осы кезде кәдеге жарады. Жалпы әкем жас күнімізде бізге 10 бұзау бақтырса, соның біреуін жазда сатып, қауын-қарбыз, көк-сөкпен бізді де, көршілерді де қарық қылып тастайтын. Анам 27, әкем 29 жасымда дүниеден өтті. Олардың салған сара жолымен өзімнен кейінгілерді аяққа тұрғызуым керек болды. Мен әкем бастап берген кәсіпті үзбей келгендіктен, жаңа кәсіп бастау маған қиынға соқпады. Оның үстіне колхозда жүріп жинаған тәжірибем тағы бар. Сөйтіп егін және малшаруашылығын қатар алып жүрдім. Одан бөлек шет елге шығып, техника алып келіп өткерумен айналыстым. Сөйтіп шаруамды қиын кезеңде аяққа тұрғыздым, – дейді Бесбай аға.

Жеке бизнесін жолға қойған кәсіпкердің тәжірибесі ауданға қатты қажет еді. Сол тұста аудан әкімі қызметінде отырған Еркінбек Солтыбаев Бесбайды қояр да қоймай қуаты күн санап құлдырап бара жатқан «Қошқарата» өндірістік кооперативіне басшы етіп тағайындайды. 

– Шаруа қожалығымды ұлым Әділетке өткізіп, жаңа істі қолға алдым. Мен келгенде өндірістік кооперативтің қарызы өсіп кеткен. Ал астық қоймасында бар болғаны 40 тонна өнім қалған. Оның өзі элеватордан өткен өнімнің қалдығы. Бірден әкемнің тәсілімен қолда бар мүйізді ірі қараны бордақылауға қойып, кеңшардың қарызын жауып, шаруашылықты әртараптандырдым. Алматы қаласындағы тұқым шаруашылығымен келіссөз жүргізіп, көктемде сепкен тұқымнан жазда гектарынан 40 центнерден өнім жинадық. Сөйтіп аз жылда кеңшар аяғынан қайта тұрды, – дейді Бесбай Қансейітұлы. 

Сонымен ол бұл кеңшарды алты жыл басқарып, аяғынан нық тұрғызып, жаңа ашылған аудандық аумақтық басқармаға ауысады. Ол мекемені 10 жыл табысты басқарған соң қызмет сатысымен жоғарылап, аудан әкімінің орынбасары болып тағайындалады. Мұнда да өзін іскерлік қырынан көрсеткен Бесбай Қансейітұлы ауылшаруашылығы саласының дамуына үлесін қосады. Осы тұста түрлі мемлекеттік бағдарламалардың ауданда жүзеге асуына араласады. Үш жыл осы қызметте жүріп, талай шаруаны атқарған еді. Одан кейін бір жылдай аудан әкімінің кеңесшісі болып, зейнеткерлікке шығады.Зейнеткерлікке шыққан соң да қарап отырған жоқ. Ұлы Әділетке «Әділет» шаруа қожалығын көтеруге атсалысып, кеңесші болады.

– Бұрын егін және мал шаруашылығымен айналысып келген қожалықтың жұмысын әртараптандыру идеясы 2000 жылы басталды. Аудан әкімінің орынбасары болып тұрған кезде Мәскеуден бір бизнес өкілдері келіп, 200 гектарға үдемелі бақ салатын болды. Келісім жасалып, біз оны өзіміздің инвестициялық жобаға енгізіп қойдық. Көктемде уәде еткен мәскеуліктер келмеді. Жоба жоспарда тұр. Не істейміз? Сонымен ол жобаны балама айтып, өз күшімізбен жүзеге асыруға тура келді. Сөйтіп алғашқы жылы 20 гектар жоңышқа алқабын бұзып, алма көшетін Меркіден әкеліп отырғыздық. Келесі жылы оның көлемін 50 гектарға жеткіздік. Бұл саладан тәжірибеміз жоқ. Тәттібай Дүйсебайұлы ауылының қасында орналасқан баққа сол ауылдан сушы жалдадық. Ұңғыма қазып, жерасты суын шығардық. Бірінші жылы отырғызылған ағаштың көбі қурап қалды. Одан кейін өзбекстандық бағбаншылармен сөйлесіп едік, олар екі маман жіберді. Олардың күшімен бағымызды өсіріп, суару технологиясын үйрендік, – дейді қожалық жетекшісі.


Төрт жыл дегенде алма өнім берді. Бастапқыда арнайы қойма болмағандықтан алқап басынан төмен бағаға өткеріп жіберіп отырды. Өйткені, ол кезде отандық нарықты жаулап алған Қытай, Иран мен Польша алмасымен бәсекелесе алмайтын. Сондықтан жергілікті шаруалар ысырапқа ұрынбаудың әдісін тауып, алмадан қақ жасап, жаңа технологияны кеңінен меңгере бастады. Бірақ, бағбандар алма сияқты оны да өткізуде көптеген қиындықтармен кездескен еді.

– Бұрын алма ексең табысқа қарық бола қаласың деп ойлаушы едім . Сөйтсем мүлде олай емес екен. Алма бағын баптау үшін де көп жұмыс керек. Алғашқы жылдары тек қаржы салып отырасың. Дәрі бересің, ол болмаса отырғызған ағаштарың қурап қалады. Өйткені жас өскіннің жауы да, ауруы да көп. Осындай шаралардан кейін, оның өзінде он жылдан кейін барып көңілдегі өнімді алуың мүмкін. Күзде алма жинауға маусымдық жұмысшы жалдайсың, оның тасымалы тағы бар. Алқап басынан өткізейін десең арадағы делдалдар бағаны төмен сұрайды. Былтыр Жамбыл ауданындағы тоңазытқышы бар қоймаға 100 тонна алма қойдық. Жаңа жыл қарсаңында қойма басшылығы қоңырау шалып, «алмаңызды сатасыз ба, килограмына 80 теңгеден сұрауда» дейді. Кейде диқанның өсірген өнімін осылай жерге ұрып, еңбегін еш етіп жіберетін арадағы алыпсатарларға не дейсің. Бағбанға қолдау осы кезде берілсе, – дейді Бесбай Қансейітұлы.


Алма тоңазытқышта сақталмаса тез бұзылып кететін болғандықтан, көп шаруа қожалықтарының оны арадағы делдалдарға сұраған бағасына беріп жіберетіні тағы бар. Ал консерві зауыттары жергілікті өнімнен гөрі сырттан тасымалдағанды жөн көретіні белгілі. Дегенмен, бүгінгі таңда қожалық өнімді өткізу жолын тауып, бақ жемісін Елордамыз Астана қаласына жіберуде. Бірсыпырасын қоймаларда сақтап, мәселенің шешімін тапқан. Сонымен қатар аудандағы, облыс орталығы мен Астана қаласында ұйымдастырылатын ауылшаруашылығы жәрмеңкелеріне жиі қатысып келеді.Бұдан бөлек, қожалық бүгінгі күні жеміс пен сәндік ағаштарын тұқымнан көбейтуді қолға алған. Алма, шие, өрік пен алқоры тұқымдарын қолдан будандастырып, түрлі сорттарын, сондай-ақ аққайың көшеттерін баптап өсіруде.

Жылына 1 000 көшеттен сатылымға шығаруда. Былтыр қожалық көшеттерін Бақалы мен Көктөбе ауылындағы мешіттерге, Қошқарата ауылдық округіндегі үш мектепке 50-100 түптен тегін үлестірген. Сондай-ақ, былтыр және биыл аудан орталығындағы «Ардагерлер аллеясы» мен саябақтарға 1 000 түптен жеміс пен сәндік ағаштарын демеуші ретінде берген. Олардың барлығы да бүгінгі күні тамыр алып, жайқалып тұр.Қожалық жетекшісінің айтуынша, осы алма өсіру шаруашылықтың бал арасын өсіруіне себепші болыпты. Яғни, жыл бойы алма гүлін тозаңдандыру үшін алынған ара шаруашылықтың бірте-бірте негізгі кәсібіне айналған. 

– Ара өсіруді 2017 жылдан бастап қолға алдық. Бұл кәсіпті де жақсылап меңгердік. Қазір омартада 30 ара ұясы бар. Олардың күтімі, бәрі жақсы. Ара балын да сол өз тұтынушыларымызға өткізіп отырмыз, – дейді кәсіпкер.

Біраз жылдан бері шаруашылықты дамытып келе жатқан кәсіптің тағы бір түрі бие байлап, қымыз өндіру. Бүгінде Алатау маңындағы қожалықтың жазғы жайлауында 15 бие байлануда. Күнделікті саумалын алушылар мен қымызға тапсырыс берушілер желі басынан өздері келіп, бөшкелеп алып кетеді екен. Бұл да шаруашылықтың жолға қойылған бір бизнесі болып саналады. Сонымен қатар, немересі атынан «Данияр» шаруа қожалығын құрып, асылтұқымды мал шаруашылығын қолға алыпты. Былтыр «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ арқылы несие рәсімдеп, қой өсіруде. Қазір сол мал басын көбейтуде.Қандай шаруа болса да оған құдай қосқан қосағы Күлән Сапарбекқызы сүйеу болып келеді. Күлән апа жұбайы Бесбай Қансейітұлымен төрт ұл-қыз тәрбиелеп, өсірді. Қырық жылға жуық аудандағы Абай және Гайдар атындағы орта мектептерде математика пәнінен сабақ берген Күлән апа бүгінде зейнетте. Жұбайымен бірге ұл-қыздарының тірегі, немерелерінің сүйеніші болып, бір әулеттің бизнесін дамытып отырған жайы бар.