Әйелдерді зейнетке ерте шығару үшін әуелі зейнетақы тағайындау параметрлерін өзгерту керек — министр

0 30

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнет жасын төмендету мәселесі бойынша белсенді топ өкілдерімен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Жамбылинфо Қазақпарат сайтына сілтеме жасап. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендету бойынша Қазақстан әйелдер қозғалысының өкілдерімен бесінші кездесу өткізді. Келіссөз барысында министр арнайы жұмыс тобы белсенділердің ұсыныстарын жан-жақты зерттегенін, сондай-ақ зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіру бойынша ұсынылатын тәсілдер туралы айтты. Кездесуге қоғамдық қозғалыс өкілдері Майкен Бигарстанова, Марина Бачаева, Ольга Смирнова, Гүлнәр Смайылханова, Жанар Жибегенова, Ләйла Оспанова, Қарлыға Ахметбекова және әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Азиза Шужеева қатысты. Келіссөз барысында Тамара Дүйсенова белсенділердің ұсынысын министрлік жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы жан-жақты зерттегенін хабарлады. Бұл ретте келесі факторлар ескерілді: — 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейін жинақталған еңбек өтілі үшін алынатын ынтымақты зейнетақы жүйесі мөлшерінің кемуі; — экономиканың түрлі секторларындағы жасы 50-ден асқан әйелдердің табыс деңгейі; — әйелдердің зейнет демалысына ерте шыққан кездегі зейнетақысының болжамды мөлшері, олардың табысы және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі. Министр еңбек өтілі жоқ және бүгінде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспайтын қазақстандықтар үшін 50+ жасында зейнетке ерте шығу лайықты төлемді қамтамасыз етпейтінін атап өтті. Бұл ретте қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтарға зейнетке ерте шығу құқығы беріледі. Осылайша зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары 55 жасқа (ерлер) және 52,5 жасқа (әйелдер) толғанда жеткілікті болған кезде қазақстандықтар зейнетақы аннуитетін рәсімдей алады (зейнет жасына жеткенге дейін зейнетақы жинақтарынан төлем алу құқығы). Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы аннуитетін 40 жастан бастап пайдалана алады, бұл ретте осындай шарттар бойынша төлемдер 50 жастан басталады. Тамара Дүйсенова қозғалыс белсенділеріне азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз етуді жетілдіру мақсатында министрлік әзірлеген жаңа тәсілдер жөнінде де айтты. «Біріншіден, біз базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындау кезінде параметрлерді өзгерту туралы бастама көтердік. Қазір біздің ұсыныстарымыз басқа да мүдделі мемлекеттік органдарда қаралады, егер олар қолдау тапса – бұл келесі жылдан бастап бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жұмыс істеп жүрген және болашақта құрметті демалысқа шығатын зейнеткерлер де оң әсерін тигізеді Екіншіден, біз «Күміс жас» жобасының тетіктерін зейнет жасына дейінгі әйелдердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін қайта қарастырамыз. Атап айтқанда, біз жобаға қатысу мерзімін 3 жылға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз және әйелдерді жұмысқа орналастыру үшін бюджет қаражаты есебінен олардың жалақысын ішінара субсидиялай отырып, арнайы бағыттарды қарастырамыз. Бұл олардың зейнетке шыққанға дейін жинақтаушы зейнетақы жүйесіне барынша белсенді қатысуына мүмкіндік береді. Бұл әсіресе еңбек өтілі аз және зейнетақы қорында жинағы аз әйелдер үшін өте маңызды», – деді министр. Қозғалыс өкілдері Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген тәсілдерді оң бағалады. Кездесу соңында Тамара Дүйсенова азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасатынын атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.