Әкімдердің жұмысы ашылған жұмыс орнына қарай бағаланады

0 24

 

Алдағы уақытта әкімдердің жұмысы құрылған жұмыс орнына қарай бағаланады. Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ағымдағы жылдың алғашқы алты айындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы міндеттері бойынша журналистермен арнайы брифингте айтты. Халықтың әлеуетін артыруда әлеуметтік саланың салмағы ауыр.

— Жұмыссыздық мәселесі қашанда өзекті. Даму жоспарындағы міндеттерді жүзеге асыру нәтижесінде өңіріміздегі жұмыссыздық деңгейін 4,9%-ға дейін төмендету күтілуде. Алдағы уақытта әкімдердің жұмысы құрылған жұмыс орнына қарай бағаланатын болады. Осы  бағытта Мемлекет Басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» бойынша берген тапсырмасы шеңберінде 11 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 3 мыңға жуығы тұрақты, — деді аймақ басшысы.

2025 жылға дейінгі облысты дамыту жоспарында өңірімізде 83 мың жұмыс орны ашылатын болады, оның 28,3 мыңы тұрақты, 55 мыңы уақытша. Бұл жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етуге кепілдік берері анық.

Өңір басшысы облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспары қолдағы бар мүмкіндіктерге сәйкес терең, егжей-тегжейлі зерделене отырып әзірленгендігін, енді оны іске асыруға күш салу керектігін атап өтті. Мемлекет қолдауының арқасында барлық жоспарды орындап, белгіленген көрсеткіштерге жететіндігіне сенім білдіріп, бұл халықтың тұрмысын жақсартып, өңір экономикасын дамытуға мүмкіндік беретіндігін айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.