Алдағы күндері 28 градусқа дейін аяз болады

Қазгидромет алдағы үш күнге ауа райы болжамын жариялады.
Қазақстанның басым бөлігінде солтүстік-батыс циклонының әсерінен ауа райы жауын-шашынды болады. Күн бұлтты болып, қар, жылбысқы қар және жаңбыр жауады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
30-31 қаңтар елдің шығысында, 31 қаңтар елдің солтүстігінде қалың қар жауып, боран соғады. Екпінді жел тұрып, тұман түседі.
30-31 қаңтар елдің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында жаңбыр мен қар түрінде қатты жауын-шашын жауады, көктайғақ болады. Республиканың батыс облыстарында ғана антициклон сілемі әсерінен ауа райы жауын-шашынсыз болады.
Түнгі уақытта елдің солтүстігінде, шығысында және орталығында ауа температурасы -20-28°C-қа дейін төмендейді, алайда 1 ақпанда күндіз термометр бағаны нөлдік белгіге дейін жақындайды.