Алдыңғы жетістігімізді жақсартқан Паралимпиада

0 4

Жапонияның бас шаһары Токиода өткен XVI жазғы Паралимпия ойындары өз мәресіне жетті. Қазақстандық параспортшылар ел тарихында алтыншы Паралимпиадаға қатысып, Токио төрінен елге табысты оралды. Паралимпиада тарихында тұңғыш рет елімізден 26 спортшы аттанып, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Яғни Қазақстан құрамасының спортшылары бір алтын, үш күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Ал медаль жиынтығы бойынша жалпыкомандалық есепте 51-орыннан көрінді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, жерлестеріміз бес жыл бұрын Рио Паралимпиадасында 58-орынға табан тіреген еді.

12 күнге созылған Паралим­пиа­даның екінші күнінде Токиодан ақжолтай хабар жетті. Пауэр­лифтингтен 54 кило салмақ дәрежесінде жарыс жолына шыққан отандасымыз Давид Дегтярев Қазақстан қоржынына алтын жүлдені салды. Сайыс нәтижесі бойынша Давид үш мүмкіндігінде 174 кило зілтемірді еш қиындықсыз ең­серіп, Паралимпиада чемпионы атанды. 1996 жылы Ақмола облысының Атбасар қаласында дүниеге келген Давид Дегтярев пауэрлифтингпен 2016 жылдан бері шұғылданады. Ол 2021 жылы Тблисиде өткен Әлем Кубогында 185 килоны еңсеріп, Азия рекордын жаңартқан болатын. Сонымен қатар осы спорт түрінде сынға түскен Рио Паралимпиадасының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева бұл жолы жүлдегерлер қатарына іліге алмады.

Кейінгі жарыс күндерінде қазақстандық үш парадзюдошы жарыстың финалына дейін жетіп, үшеуі де жарысты күміс жүлдемен қорытындылады. Атап айтар болсақ, 60 килода белдескен Әнуар Сариев финалда әзербайжандық Вугар Ширинлиге есе жіберсе, 73 килода татамиге шыққан Темір­жан Дәулет алтын жүлде үшін өткен белдесуде өзбекстандық Феруз Саидовтан жеңіліп қал­ды. Ал қыздар арасында өнер көрсеткен Зарина Байбатина (70 кг) финалдық са­йыста әзер­бай­жандық Дурсадаф Каримовадан басым түсе алмады. Осылайша, үш балуанымыз күміс жүлдегер атанып, мерейімізді тасыт-
ты.

Сонымен қатар паражү­зу­­шілеріміз де жүлдесіз қалмады. Рио Паралимпиадасында Зүлфия Ғабидуллина бастап берген же­ңісті жолды Токиода Нұрдәулет Жұмағали жалғады. 100 метрге брасс әдісімен жүзуден S-13 санатында (көз жанары зақым­данған) жерлесіміз үшінші нәтиже көрсетіп, қола жүлде ен­шіледі. Өкінішке қарай, Пара­лимпиада чемпионы З.Ғаби­дуллина финалдық сайысқа жол­дама алғанымен, бұл жолы жүлдегерлер қатарынан көріне алмады.

Осылайша, Паралимпиададан Қазақстан құрамасы өз тарихында төрт медаль иеленіп, рекорд орнатты. Сондай-ақ жерлестеріміз бірінші рет Жазғы ойындардың толық медаль (алтын, күміс, қола) жиынтығын жеңіп алды.

Айта кетейік, Токиода Қа­зақ­стан құрамасының 26 (10 әйел, 16 еркек) спортшысы спорттың 7 түрінен бақ сынады. Оның ішінде ең көп спортшы суда жүзу мен дзюдодан (7 спортшы). Сонымен қатар еліміздің спортшылары алғаш рет параканоэ мен паранысана көздеуден жолдама иеленгенін атап өткен жөн.

Енді келесі Паралимпия ойын­дары үш жылдан кейін, яғни 2024 жылы Парижде (Франция) өтеді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.