АҚШ-тағы сайлау: Кім жеңеді?

32

Әлем назары осы апта АҚШ-тағы президент сайлауына ауды. Бұл алпауыт елді келесі төрт жыл кім басқаратынын білуге деген қызығушылықтың жоғары деңгейін көрсетсе керек. Өйткені бұл таңдаудың АҚШ-тың ахуалына ғана емес, халықаралық саясат, экономика және өзге де салалардың постпандемия кезеңіндегі даму бағытына әсер етпей қоймасы анық. Әзірге әлем жұрты тартысты доданың қалай өрбіп жатқанын жіті бақылап отыр.

АҚШ-тағы президент сайлауында дауыс беру аяқталды, енді жинаған дауыс санын есептеу ғана қалды. Биылғы президент сайлауы пандемия салдарынан өзгеше өтіп жатыр. Сол себепті де дауыстарды санау әдеттегіден созылып кетті. Президенттіктен Республикалық партия өкі­лі, қазіргі мемлекет басшысы Дональд Трамп пен Демо­кратиялық партия додаға үкі­леп қосқан бұрынғы вице-президент, сенатор Джо Байден үмітті. Екеуі де жасы 70-тен асқан, тіс қаққан тәжірибелі саясаткерлер. Трамп өзінің президенттік кезеңінде даулы шешімдерімен, қоғамды дүрліктірген мәлімдемелерімен көптің есінде қалса, Байден көпшілікке 2009-2017 жылдар аралығында АҚШ-тың вице-президенті болғандықтан кеңінен танымал. Сондай-ақ қос саясаткер де – АҚШ-тағы президенттік сайлау тари­­хындағы жасы ең үлкен үміткерлер.

Америкалықтар бұл сайлауда жаңа президент таңдап қана емес, елдің идеологиясы мен саясаттағы жаңа бағытын айқындайды.

АҚШ президенті атану үшін үміткерлерге халықтың басым даусына ие болу қа­жет емес. Азаматтар президент сайлауына дауыс бергенде келесі президенттің кім болатынын тікелей анық­та­майды. Бұл елдің президенті бүкілхалықтық дауыс беру нәтижесін ескере отырып ше­шім шығаратын бірнеше сатылы жүйе арқылы сайланады. 3 қараша күні ел аза­маттары сайлауға түсіп жатқан үміткерлерге дауыс берді. Алайда сайлаудың ресми қо­рытындысын әр штаттан таңдалған 538 таңдаушы дауыс беріп шығарады. Себебі АҚШ-тағы сайлау жүйесі, ережесі электоралды колледж бойынша жүргізіледі. Яғни келесі президенттің кім боларын әр штаттың атынан шығатын өкілдер анықтайды. Сондықтан сайлау нәтижесі халықтың жаппай берген даусына тәуелді болмай жататыны бар. Мәселен, 2016 жылғы сайлауда Хиллари Клинтон үш миллионға жуық артық да­уыс жинағанымен, Дональд Трамп 304 таңдаушының даусын жинап жеңіске жеткен-ді. Жалпы, АҚШ президенті атану үшін үміткерге 270 таңдаушының даусы жеткілікті.

Бұл жерде таңдаушылардың кімдер болатынына тоқтала кетейік. Ереже бойынша, әр штаттан сол аймақта өмір сүре­тін халықтың санына сәйкес өкілдер таңдалады. Мәселен, халық саны Вайомингтен 68 есе үлкен Калифорнияда 55 таңдаушы немесе сайлау ал­­қасының өкілі бар. Ал Вайомингте небәрі 3 өкілдің дауысы қорытынды есепке алынады. Сол өңірдің тұрғындары кімге көбірек дауыс берсе, халық атынан таңдалған өкіл­дердің барлығының даусы жеңіске жеткен үміткерге есеп­теледі. «Жеңімпаз бар­лығына ие болады» деген ұстанымға құрылған. Сол себепті де Трамп пен Байден жеңіске жетуі үшін АҚШ бойынша барлық 538 өкілдің кемінде 270-інің даусын жинауы керек.

Сайлау маусымы бастал­ғанда көптеген штаттардың қай саяси партияны қолдайтыны алдын ала белгілі болады. Кейбір штаттар бұрыннан республикашылар, ал кейбіреуі демократтар жағында. Алайда әрдайым «таңдауын болжау мүмкін емес» аймақтар бар. Бұл жылда өзгеріп отыратын үрдіс. Үміткерлер сай­лауал­ды науқанында осы «ұрыс алаңына» айналатын штат­тарға баса мән береді. «Ұрыс алаңы» дейтіні – қос үміткердің тартысы осы аймақ­тардағы тұрғындардың даусы үшін жүреді. Қызығы да осы. Олардың қай партияны жақтайтыны соңына дейін белгісіз болады. Биылғы сайлау нәтижесі Аризона, Солтүстік Каролина, Пенсильвания, Ми­чиган, Невада, Висконсин, Флорида, Джорджия, Айова, Огайо, Нью-Гэмпшир және Техас секілді 12 штатқа тікелей байланысты болып отыр.

Сайлаудың ерекше жағ­дайда өтіп жатқаны осыған дейін де айтылған еді. Биыл бұл процесті бақылауға техно­логиялық компаниялар да білек сыбана кірісті. Бұған өт­кен сайлаудағы әлеуметтік желінің айналысында болған дау себеп болып отыр. Twitter, Facebook, Google компания­лары халықты адастыратын жалған ақпарат таратпау үшін қабылдаған шараларын жа­риялаған еді. Өзге сайлаулармен салыстырғанда биылғы доданың қорытындысы әдет­тегіден кешігуі мүмкін. Сол себепті әлеуметтік желі­лер­дегі алдын ала тараған қорытынды туралы сүйінші хабарлар арнайы белгімен көрсетіліп тұратын болды. Трамптың Twitter-дегі бел­сен­ділігі бар­шаға мәлім. АҚШ-тың қазіргі пре­зиденті бұл ерекше оқиғаға қатысты пікірін дәл осы күні де білдірмей қоймады. Трамп­тың өзінің жеңіске жететініне сенім­­ділік білдірген постына Twitter «жалған ақпарат» деген белгі та­ңып қойды. Facebook те алдын ала қо­ры­тынды жайлы хабар­ларға осы­ған ұқсас белгі қойып отыр. Бұл ха­лық­ты жаңылысты­ра­тын ж­а­ңа­­­лық­тардан қорғанудың бір­­ден-бір тәсілі ретінде қарас­тырылуда.

Биылғы сайлау туралы тағы бір оқиға – дауыс беруге қатысқан халықтың рекордтық көрсеткіші болды. АҚШ азаматтары осыған дейінгі сайлауларда мұндай белсен­ділік танытпаған екен. Жалпы, пандемия себебінен пош­та не­месе дауыс беру орындарына алдын ала келіп дауыс бергендер саны жылдағыдан көбірек болған. Биыл сайлау күніне дейін дауы­с бергендер саны 2016 жылмен салыстырғанда екі есе көп болған. Соңғы ғасырда өткен АҚШ президентінің барлық сайлауында биылғыдай көп дауыс берген жағдай тіркелмеген екен. Бұған себеп­тер де көп. Ең алдымен, пандемия әсерінен азаматтарға дауыс берудің түрлі жолы ұсы­нылып, олар үшін ыңғайлы жағдайдың жасалуын басты себептерінің бірі деп аталуда. Осылайша, бұл АҚШ-тағы сайлау тарихындағы елеу­лі оқиғалардың қатарына қо­сылары сөзсіз.

Одан бөлек жылдағымен салыс­тырғанда сайлау қоры­тындысы едәуір кешігуі әбден мүмкін. Бұл бірнеше күнге, заңгерлер араласса тіпті бір­неше аптаға созылып кетуі ғажап емес. Сондай-ақ пош­та арқылы дауыс бергендердің қолтаңбасы мен мекенжайы секілді мәліметтерді тексеру ұзақ уақыт алады. Сол се­бепті де жоғарыда айт­қан­­дай осы уақыт аралы­ғын­­да қорытындыны өз ың­ғайына қарай бұрмалауды бол­дырмау үшін әлеуметтік желідегі сайлауға қатысты хабарла­ма­лардың бар­лығы жіті қадағаланып отыр. Ал БАҚ нәтиженің кешігу се­бептерін де түсіндіріп жазып жатыр. Әзірге дауыс санау процесін бүкіл әлем бір деммен бақылап қана отырған жайы бар.

Жалпы, жаңа президент сай­лан­ған күннің өзінде бірден жұмы­сына кірісіп кетпейді. Егер Трамп жеңіске жетсе, ол екінші прези­денттік мерзіміне кіріседі, ал Байден АҚШ-тың 46-шы прези­денті атанады. Барлығы ережеге сай өтсе, президент инаугурациясы келесі жылдың қаңтар айына жос­­па­р­ланып отыр. Одан бөлек амери­калықтар бұл сайлауда вице-президент, конгресс мүшелерін де таңдайды.

Бұл – коронавирус құр­сауында қалған АҚШ үшін ең маңызды кезеңдердің бірі екені анық. Аумалы-төкпелі тұста сайланған басшы АҚШ-тың бұл дағдарысты еңсерудегі алдағы әрекетін айқын­дамақ. Соңғы статистикаға сенсек, жеңіске жету үшін қажет сайлау алқасының 270 дауысы үшін жарыс­та Байден қазіргі уақытта 224, ал Трамп 213 дауыс жинаған. Алайда бұл көр­сеткіш күрт өзгеріп кетуі ғажап емес. Себебі әлі есепке алынатын дауыс көп.

egemen.kz