АҚШ тарихындағы саясаткер әйелдер

28

АҚШ-тың жаңа сайланған пре­зиденті Джо Байден халық алдында адал қызмет етуге ант беріп, қызметіне кірісті. Бұл АҚШ Президенті әкімшілігіндегі бір­қатар лауазымды тұлға да ауыс­тырылды деген сөз. Соның ішін­де вице-президент лауазымына Камала Харрис келді. Ба­сылымдар вице-президент қыз­метіне АҚШ тарихында алғаш рет әйелдің тағайындалғанын жа­зу­да. Осы орайда аталған қыз­метке бақ сынасқан әйел саясаткерлерге шолу жасауды жөн көрдік.

Бүгінгі күннің басты тақы­рыбының бірі – Камала Хар­­рис­ке бір тоқталайық. Ар­ғы тегі үнді-ямайка нәсілінен тамыр тар­­татын демократ саясаткер 56 жаста. Ка­­ли­форния штатында туып, Хоуард, Ка­ли­форния университеттерінде білім алған.

Саясатқа келместен бұрын адвокат болып қызмет еткен. Бертін келе Демо­кратиялық партияның жарық жұлдызына айналды. Джо Байден оны «халыққа қызмет етіп жүрген бірден-бір азамат» деп атап, оны елдегі екінші адам ретінде тағайындады.

Демократияның отаны саналатын АҚШ әлі де гендерлік теңдіктің жырын жырлап келеді. Алайда тарихқа шегініс жасайтын болсақ, сонау 1848 жылы да президенттікке үміткерлер қатарында әйел кандидат көрінген. Люкреция Коффин Мотт Азаттық партиясы атынан президенттікке, вице-президенттікке үміткер болды.

Одан кейін тарихта Виктория Удхул деген әйел туралы да сондай дерек бар. 1872 жылы мемлекет басшылығына үмітті саясаткердің сол тартыста жеңіліс табуын көбі кандидатқа қойылатын талаптың бірі – жас шамасы жетпеуінде дейді. Кейбіреулер мәселе жаста болмағанын жазады. Дегенмен бұл оқиға әйелдердің саясатқа бұрыннан-ақ таласы болғанын айқын дәлелдеп тұр.

Негізінен, Виктория Удхул баспагер болған деген мәлімет бар. Өзінің әпке­лерімен бірге жаңалыққа, револю­ция­ға құштар болған. Президенттікке үміт­керлікпен қатар, Wall Street-тегі алғашқы брокерлердің бірі ретінде танылып үлгерген. Сай­лау қарсаңында Тең құқықтар партиясының негізін қалайды. Саяси науқан кезінде газетке мақалалар жазып, оны сол кездегі әріптестері дұрыс қабылдамай, сынға ұшырайды.

Одан кейін Люкреция Коф­фин Мотт Азаттық партиясы атынан президенттікке, вице-президенттікке үміткер болды. 1964 жылғы сайлауда 25 пайыз дауыс жинап, тәуір нәтиже көрсетеді.

1968 жылы Шарлен Митчел есімді алғашқы афроамерикалық әйел өз кандидатурасын ұсынады. Ол – негізгі сайлауға шақыру алған алғашқы әйел саясаткер. АҚШ-тың Коммунистік партиясының атынан қатысқан үміткер небәрі 1 075 дауыс жинаған.

1972 жылы Ширлей Чишолм мен Тони Натан өзара бақ сынас­қан. 1988 жылдың сайлауы Ленора Фулани деген үміткермен есте.

1984 жылы қытайлық эммигранттар отбасынан шыққан Эмма Уонг Мар вице-президент болуға ниет білдіреді. Табыссыз сайлаудан кейін де соғысқа қарсы, феминистік идеясына адал болып, сол жолда елеулі еңбек етеді.

1996 және 2000 жылдары сайлау бюл­ле­теньдерінде Уинона Ладюк есімі көрінеді. Миннесота штатынан шық­қан экономист Жасылдар партиясы атынан үміткер ретінде белгіленеді. Ол Ральф Надер­дің жағында болып, екеуі 2,7 пайыз, яғни 2,9 миллион дауыс жинайды. Бұл Жасылдар партиясының алғаш рет осынша көп дауыс жинауы еді. Бұл жаңа ғасыр­дағы гендерлік теңдікпен бірге демо­кра­тияның жаңа көрінісі іспетті қабылданған.

2008 жылғы тартысты сайлауға АҚШ-тың бұрынғы бірінші ханымы, Билл Клинтонның әйелі Хилари Клин­тон қатысты. Демо­краттардың өкі­лі, сенатор Клин­тон Барак Обамаға жол берсе де, жоғары бәсекелестігімен есте қалды. Осы орайда Хиллари Клин­тон­ның пре­зиденттік дебат­қа қатысқан алғашқы әйел екенін еске сала кеткен жөн.

Хиллари ханым одан кейін 2016 жылы Дональд Трамптың қарсыласы ретінде тағы да бой көрсетті.

Деректерге қарасақ, біз атаған кандидаттар көбіне 2-3 партия өкілдері. Әуел баста қолдаушылары аз болғаны­мен, жыл өте бірсыпыра дауыс жинап, ай­тар­лықтай нәтиже көрсеткенін байқауға болады.

Осы орайда АҚШ президенті әкім­шілігінде қызмет ететін қан­дасы­мыз Әсел Төленова туралы айтпай кетпеске болмас. Байден президенттікке келгелі оның да қызметі жоғарылағаны хабарланды.

20 қаңтарда Әсел Президент протоколы басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Ол АҚШ прези­денті әкімшілі­гінде 15 жылдан бері қызмет етеді. Барак Обаманың кезінде қызметке келіп, 3 президентпен қатар жұмыс істеген.

Қазақ қызының қазіргі тегі Робертс екен. Дипломатиялық қызмет мектебі­нің түлегі, Эдмунд Уолш атындағы Джордж­таун университетінің Халық­ара­лық құқық және ұйымдар саласын­дағы ғылым бакалавры дәрежесі бар. Отан­дасымыз ағылшыншаны айтпа­ғанда, қазақ, орыс және жапон тілдерін меңгерген көрінеді.

Президентті ұлықтау рәсі­мінде тағайындалған Камала Харрис әйелдер рөлі туралы сөз етуді ұмытпады. Ол өз анасы Үндістаннан қоныс аудар­ғанда дәл осы жағдайды болжа­маса да, мұндай оқиғаның мүм­кін екенін білген шығар деген ой айтты. «Мен бүгін өзіме дейін­гі әйелдердің арқасында орта­ларыңда тұрмын. 100 жыл бұрын Конституцияға өзгеріс енгізу, 55 жыл бұрын дауыс беру құқығы үшін күрескен, демократияны ту еткен әйелдердің күшімен осындамын», деді вице-президент.

1848 жылы Люкреция Коф­фин Мотт бастап, жылдар бойы жал­ғасқан күрес кеше өз нәтижесін көрсетті. Ол еңбектің еш емес еке­нін білу үшін екі ғасырға жуық уақыт қажет болды.

egemen.kz