“Армяндар жерді қайтарады…”. Пашинян мен Әлиевтің қандай келісімге келгені белгілі болды

15

ArmInfo ақпарат агенттігінде Таулы Қарабақтағы соғысты аяқтау туралы құжат мәтіні жарияланды.

Соған сай аймаққа құрамында 2 мыңға тарта жауынгері бар Ресей бітімгерлері келеді. Ресей әскерилері Қарабаққа әзірдің өзінде аттанып кеткен.  

Бұдан бөлек құжатта келесідей талаптар бар. Атап айтқанда:

  •  Ресейдің бітімгер күштері аталған аймақта алдағы 5 жыл бойына аялдайды. Егер қандай да бір тарап ниет танытса, келісім тағы да 5 жылға ұзарады.
  • Армения 15 қарашаға дейін Келбаджар ауданын, 20 қарашаға дейін Агдам ауданы мен Газах ауданындағы территорияларды, 1 желтоқсанға дейін Лачин ауданын Әзірбайжанға қайтарып беруге міндетті. Армян тарабы ұзындығы 5 шақырым Лачин дәлізін бақылайтын болады. Бұл дәліз өз кезегінде Таулы Қарабақ мен Армения арасындағы байланысты қамтамасыз етеді. Алайда Шушу қаласын айналып өтеді.
  •  Босқындар Таулы Қарабаққа қайтып оралады. Бұл істі БҰҰ бақылауға алады.
  • Армения Әзірбайжанның батыс аудандары мен Нахичеван автономды республикасының арасындағы көлік қозғалысын қамтамасыз етуді мойнына алады. Жол қозғалысының қауіпсіздігін Ресейдің күш құрылымдары қадағалайды.

Таулы Қарабақтағы соғысты аяқтау туралы келісімге қол қойылғаннан кейін Әзірбайжан президенті Ілхәм Әлиев мәлімдеме жасады.

“Бұл келісімге екі елдің де көңілі толады. Бітімгерлер арасында Ресейден бөлек, Түркия әскері де бар. Бұл келісім біздің Қарабақ соғысында жеңіске жеткеніміздің белгісі. Соғыс аяқталды, енді кезекте келіссөздің саяси сатысына өту керекпіз”, – деді Әлиев.

Осының алдында Армения үкіметінің басшысы Никол Пашинян Әзірбайжан президенті Ілхәм Әлиевпен бітімге келіп, Таулы Қарабақтағы соғысты тоқтату туралы келісімге қол қойғанын мәлімдеген.

Пашинян өзінің бұдан өзге амалы қалмағанын айтқан.

“Бұл ұйғарым соғыс жағдайы және әскери ахуалмен жете таныс азаматтармен ақыл-кеңескеннен кейін қабылданды. Сарбаздарымыз террористерге, НАТО-дағы саны жағынан екінші орында тұрған мемлекет пен Әзірбайжан әскеріне қарсы қасық қаны қалғанша қарсыласты. Бұл айтуға ғана оңай шаруа”, – деді армян премьері.

НАТО әскерін тілге тиек еткен Пашинян осы арқылы Әзірбайжанға жан-жақты қолдау көрсетіп отырған Түркияны меңзегені анық. Өз кезегінде Баку да, Анкара да “ұрыс алаңында өзге елдің әскери күші жоқ” деп мәлімдеген.

“Соғысты тоқтату туралы мәмілеге келдік. Бұдан өзге амал-шара жоқ. Дәл қазір неге бұлай болғанын ашып айта алмаймын, себебі бұл онсыз да ауыр ахуалды одан сайын ұшықтырып жіберуі мүмкін әрі ұрыс алаңына тікелей әсер етері анық”, – деген еді орайда Пашинян.

Таулы Қарабақ халықаралық деңгейде Әзірбайжанның жері саналады. Бірақ ол 1990-жылдардан бері этникалық армяндардың бақылауында.

Совет Одағы ыдырағанда Ереванның қолдауына ие армян сепаратистері Әзірбайжаннан бөлініп шығатынын мәлімдеп, арты Әзірбайжан мен Армения арасындағы соғысқа ұласты.

Алты жылға созылған соғыс 1994 жылғы келісіммен тоқтады. Бірақ бейбітшілік толық орнаған жоқ, ара-арасында қақтығыстар болып тұрды. Сол уақыттан бері Таулы Қарабақ этникалық армяндардың қолында. Соғыс салдарынан жүздеген мың әзірбайжан босқынға айналды.