Байденнің Орталық Азия жөніндегі ұстанымы қандай?

10

АҚШ-тағы жаңа жылдан кейінгі оқиғадан соң мұхиттың арғы бетіндегі ахуал тұрақталды. Осылайша, Джо Байден ресми түрде Американың 46-ыншы президенті атанды. Оны ұлықтау рәсімі 20 қаңтарға жоспарланған. Жаңа президентпен бірге Ақ үйдің сыртқы саясаты да өзгеретіні белгілі. Ендеше, алдағы төрт жылда АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты ұстанымы қалай болмақ? Осы мәселеге аз-кем шолу жасап көрген едік.

Естеріңізде болса, өткен аптада АҚШ конгресі сайлаушылардың да­­уы­­­сын есептеп, 2020 жылғы президент сай­лауының қорытындысын шығару үшін жиналған-ды. Яғни Джо Байденнің жеңісін ресми түрде бекітуі тиіс еді. Алайда Дональд Трамп Вашингтонның ортасында мыңдаған адам жиналған митингте сөз сөйлеп, өз жақтастарын наразылық ак­циясына шығуға шақырып, жеңілгенін мойындамайтынын мәлім­де­ген еді. Шеруден кейін бір топ адам конгресс ғимараты – Капитолийге басып кірді. Оқиға салдарынан 5 адам қаза тапты.

Кейінірек Вашингтонда комен­дант­тық сағат енгізіліп, қарулы күштер жағ­дай­ды бақылауға алды. Тіпті, Дональд Трамптың өзі жақтастарын са­бырға шақырып, үйлеріне тарауды сұрады.

Капитолийді басып алу оқиғасы АҚШ-та сынға ұшырады. Мәселен, Барак Обама мұны арсыздық пен ұятсыз­дық­қа балады. Сондай-ақ жағдайдың бұлай өрбуіне президент Дональд Трамп­тың жауапты екенін баса айтты. Б.Обама Республикалық партия мен оны қолдайтын медиа өкілдерін сайлау нәти­же­сіне күмән келтіргені үшін айыптады.

АҚШ-тың тағы бір бұрынғы прези­ден­ті Джордж Буш Капитолий ғима­р­а­тына басып кірген адамдар өтірік пен жалған үміттің елесіне ергенін жеткізді. «Бұл жиіркенішті әрі жанға бататын жағдай. Сайлаудың нәтижесіне күмән келтіру демократиялы елдерге тән емес», деді Буш.

Билл Клинтон Капитолийді басып алу әрекетін улы саясаттың нәтижесі және таралған жалған ақпараттардың сал­дары деп атады. Оның пайымдауынша, бұл оқиға Америка халқының сені­міне селкеу түсірмейді. Джимми Кар­тер де болған оқиғаны айыптап, Капи­толийге шабуылға ұлттық трагедия деп баға берді.

Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси мен сенатор Чак Шумер вице-президент Майк Пенстен АҚШ кон­ститутциясындағы 25-ші түзетуді қолдануды сұрады. Аталған құжатқа сәйкес, министрлер кабинеті президентке сенімсіздік білдіре алады. Пелоси бұл талабы орындалмаған жағдайда демократтар Трампқа екінші рет импичмент жариялауға дайын екенін жеткізді.

Қоғам мен саяси элитаның қысымына шыдамаған Дональд Трамп көп ұзамай жеңілгенін мойындап, президенттік құзыретті Джо Байденге тапсыруға келісті. Міне, жаңа жылдан кейін мұ­хит­тың арғы бетін цунами секілді апыр-топырға салған оқиғаның ұзын-ырғасы осы.

Енді, негізгі мәселеге оралсақ. Байден әкімшілігінің Орталық Азияға қатысты саясаты қалай өрбімек? Жалпы, Джо Байден Орталық Азияға қатысты нақты пікір айтқан емес. Дегенмен, тізгінін жаңа иесіне табыстаған Ақ үй бірден ұстанымын өзгертеді дегенге сену қиын. Оған себеп жетерлік.

Біріншіден, АҚШ-тың Орталық Азия жөніндегі саясаты Барак Обама тұсында жаңаша сипатқа ие болды. Сол кезде Ақ үй басшысы Орталық Азия мемлекеттері өңірлік проблемаларды шешу үшін ең алдымен ауызбіршілік танытып, барлық тарап мақұлдайтын күн тәртібін құрып алу керек деген ұстанымын білдірді. Осы мақсатта 2015 жылы Обама әкімшілігі Орталық Азиядағы интеграцияны күшейтуді көздейтін «С5+1» платформасын құруға мұрындық болған. Аталған алаң аясында бірнеше мәрте кездесулер өтті.

«С5+1» форматы – Орталық Азияның бес елі мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимылдың көпжақты тетігі. Платформа аясында экономикалық даму, өңірлік ынтымақтастық, қоршаған орта және қауіпсіздік мәселелері талқыланады.

Бұл бастама Демократиялық партия өкілі Барак Обама тұсында құрыл­ға­нымен, Республикашыл Дональд Трамп кезінде өзгерген жоқ. Былтыр АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Орталық Азияға арнайы ат терлетіп келгені есімізде. Осы сапар барысында екіжақты көптеген кездесу өткізіліп, С5+1 форматы бойынша келіссөздер жүргізілді.

Сапар барысында Майк Помпео Орталық Азиямен ынтымақтастықты арттырудың маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ келіссөздер кезінде «С5+1» аясында жасалған байланыстың тиімділігі айтылып, қарым-қатынастың беки түскеніне назар аударылды. Осындай өзара ықпалдастықтың нәтижесінде өңірлік даму, экономика, энергетика, экология, транспорт және қауіпсіздік салалары тұрақты ілгерілеп отыр.

Бұдан бөлек, аймақтағы өзекті түйт­кілдер, әсіресе Ауғанстандағы ахуал Сыртқы істер министрлерінің бас­қо­суын­да кеңінен талқыланды. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы М.Помпео онд­а­ғы жағдайды тұрақтандыруға Орта­лық Азия елдерінің қосқан үлесін жоғары баға­лайтынын жеткізді. Сондай-ақ Ауған­станмен қарым-қатынасын жақ­сар­туы үшін Өзбекстанға Ақ үй тарапы миллион доллар сомасында көмек көр­се­тілетінін мәлімдеді.

АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен келіссөздер жүргізуге ниет білдіруінің бірнеше себебі бар. Аймақ географиялық және геосаяси тұрғыдан үлкен маңызға ие. Бес мемлекет мұхитқа тікелей шыға алмаса да, Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті байланыстырып тұр. Ауғанстаннан аузы күйген АҚШ үшін Орталық Азияның тыныштығы маңызды.

Көптеген сарапшылар әлемдік үс­тем­­дікке таласатын державаға Орта­лық Азия таптырмас мүмкіндік деп есеп­тей­ді. Өйткені АҚШ-тың бас­ты сая­си бәсекелесі Ресей мен сауда-эконо­ми­калық қарсыласы Қытай Орталық Азия елдерімен шектесіп жатыр. Ко­лум­­бия уни­верситетінің аспиранты Коллин Вуд­тың пайымдауынша, мұн­дай қа­дам үлкен шахмат тақтасында екі жақ қана емес, үшінші ойыншы бар екенін «ескер­тіп» қою үшін қажет.

Қысқасы, АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты саясаты жөнінде Демократтар да, Республикашылар да ұқсас көзқарас ұстанады. Бұдан бөлек, Джо Байден Барак Обаманың президенттігі кезінде вице-президент лауазымын атқарған. Яғни «С5+1» бастамасының басы-қасында жүргендердің бірі. Ендеше, Джо Байденнің әкімшілігі өңірдегі ық­па­лын арттырмаса, кемітпейтіні анық. Ақ үй басшысы ең әуелі коронавирус пандемиясы­­­мен күреске баса назар ауда­­­ра­­тыны түсінікті. Бірақ індет ауыз­дық­­­талғаннан соң сыртқы сая­сат­та­ғы басым­дық­тар алға шығады.

Observer Research қорының пайымдауынша, Джо Байден Орталық Азияға қатысты пікірін нақтылауы керек. Оған қоса, өңірдегі мемлекеттердің бас­­шы­ла­ры­мен сенімді байланыс ор­нат­қанда ғана Қытайға қарсы жақ­тас таба алмақ.

Мәскеудегі Карнеги орталығының келтірген мәліметіне сүйенсек, АҚШ-тың Орталық Азиядағы негізгі саясаты өңірдегі қауіпсіздік мәселелеріне ар­нал­мақ. Мәселен, Ауғанстанмен түйісетін елдердің шекарасындағы ­­­­ахуал ­өзекті қалпында қалып отыр. Өйткені Таяу Шығыстағы тұрақсыздықтың қаупі әлі сейілген жоқ. Оның үстіне, Орталық Азия бұрынғыдай бұйығы жатқан аймақ емес. Қазіргі таңда өңір Батыс пен Шы­ғыс­ты, Оңтүстік пен Солтүстікті бай­ланыстырып жатыр. Оған қоса, Азиядағы тынышы қашқан аймақтар да Орталық Азияға тым жақын. Сондықтан «Еуразия жүрегі» АҚШ-тың сыртқы сая­сатында өз орнын алмақ.

Айтпақшы, The Washington Post газе­ті­нің хабарлауынша, Джо Байден АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік кеңесіндегі Ресей және Орталық Азия жөніндегі ке­ңесші лауазымына Андреа Кендалл Тейлорды тағайындауды жоспарлап отыр. Андреа ханым кезінде Орталық барлау қызметінде, сондай-ақ басқа да барлау ұйымдарында маңызды лауазымдарды атқарған. Сарапшылардың пайымдауынша, Тейлорды тағайындауы Байденнің Ресей және Орталық Азияға ерекше мән беретінін аңғартады.

egemen.kz