Биыл әлем жұртшылығы Жаңа жылды қалай қарсы алады

15

Көпшілік коронавирус артта қалып, жаңа жылды жақсы көңіл-күймен қарсы аламыз деп үміттенген еді. Алайда сарапшылар биыл қысқы мерекелердің өзгеше өтетінін ескертуде.

Мәселен, Еуропа елдері мерекелік демалысты жоспарлауға асықпаған жөн екенін айтуда. Бірнеше елде дәстүрлі рождестволық жәрмеңкелер өтпейтін болды. Ресей астанасының басшылығы да барлық жаңажылдық іс-шаралардан бас тартуда. Бұл шешімге Мәскеу тұрғындарының бірі келіссе, бірі қарсылық білдіріп отыр. Олардың қатарында әртістер де бар. Бұған дейін танымал ресейлік әнші Валерий Меладзе әріптестерін жаңажылдық шоуларға қатыспауға шақырған. Оның айтуынша, карантиндік шектеулердің кесірінен табыссыз қалған әртістер наразылығын осылай білдіруі тиіс. Продюсер Иосиф Пригожин де Жаңа жылда шаралардың өтпейтініне қатысты өз ойын ортаға салды. «Әртістер қазір қиын кезеңді бастан кешіп жатыр. Бұл тек Ресейде ғана емес, бүкіл әлемдегі жағдай. Біз жылдың басынан бері көп шығынға ұшырадық. Жаңажылдық шаралардың арқасында сол шығындарды өтейміз бе деп едік. Шамамен 2-3 миллион доллардан қағылдық. Бұл ақшаны жаңа бағдарламаларға, бейнероликтерге салуға болар еді. Алайда амал жоқ. Қиындықтарға төзуге тура келеді. Бос уақытымызды денсаулығымызға, шығармашылыққа арнауға болады», — дейді ол.

Карантинге әртістер ғана емес, кәсіпкерлер де күйініп отыр. «Желтоқсан көп табыс әкелетін айлардың бірі саналады. Ол кезде жаңажылдық шаралар отырыстар өтетін. Алайда биыл табыстан құр қалатын болдық», — дейді бар менеджері Светлана Пивнева. Канадалықтардың да мерекелік шараларға қатыспауы әбден мүмкін. Себебі, елдің премьер-министрі қатаң ескерту жасаған. Биыл қазанда аталмыш елде коронавирусқа байланысты алғыс айту күні де өтпей қалған болатын. Енді қыстың басты мекересіне қатысты да осындай қатаң шара қолдануы әбден мүмкін. «Ең бастысы, отырыстар мен жиындардың санын азайту керек. Біз ахуалға қарай әрекет етеміз. Алдағы апталарда Рождествоның қалай атап өтілетініне қатысты шешім қабылдаймыз», — дейді Канада премьері Джастин Трюдо. Ал Жапонияда императорлар отбасының қатысуымен өтетін жаңажылдық шаралардан бас тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Әдетте қаңтардың алғашқы күндері мұнда мыңдаған тұрғын император сарайының алдына жиылып, монархтар отбасын қарсы алады. Алайда коронавирустың кесірінен бұл жолы дәстүрлі рәсім өтпей қалуы мүмкін.

Негізі күншығыс елінде соңғы рет тиісті шешім 1990 жылы қабылданған. Ол кезде императордың қазасына қатысты жалпыұлттық аза тұту жарияланып, дәсүрлі шара өтпей қалған еді.

Жұлдыз Атагельдиева

nur.kz