Джозеф Байден пікірсайысты кейінге қалдыруға дайын

33

АҚШ-тың демократиялық партиясынан президенттікке үміткер Джозеф Байден президент Дональд Трамптың коронавирус жұқтыруына байланысты келесі пікірсайысты кейінге қалдыруға ниетті. Бұл туралы демократиялық сайлауалды штабтың өкілі Кейт Бедингфилд ABC телеарнасында айтты.

«Біз пікірталас белгіленген күні өтуі керек деп санаймыз, бірақ бұл көптеген факторларға, ең алдымен президент Трамптың денсаулық жағдайына байланысты. Біз оның тезірек сауығып кетуін тілейміз», — деді К. Бедингфилд.

Трамп пен Байден пікірсайыстарының бірінші кезеңі сейсенбі күні Кливлендте өтті. Қарсыластарға модератордың сұрағына жауап беру үшін екі минуттан берілді. Олардың екінші пікірсайысы 15 қазанда Майамиде, үшіншісі 22 қазанда Нашвиллде өтеді. Ал жалпы сайлау 3 қарашада АҚШ-та өтеді деп жоспарлануда.

Еске сала кетейік, 2 қазанда Дональд Трамп Twitter парақшасында әйелі екеуінің коронавирус жұқтырғанын хабарлаған еді. Бұдан соң, Ақ үйде мемлекет басшысымен бірге тығыз қарым-қатынаста болған қызметкерлердің барлығы карантинге жіберілді. Коронавирус жұқтырған Президенттің әйелі Мелания Трамптың сырқаты жеңіл өтіп жатқан көрінеді. Ол емханада емес, Ақ үйде емделіп жатыр.

Соңғы күндері коронавирус Президенттің көмекшісі Хоуп Хикс, Трамптың бұрынғы кеңесшісі Келлиэнн Конуэй, үш республикалық сенатор, Республикалық партияның ұлттық комитетінің төрағасы Ронна Макдениел, Ақ үй басшысының сайлау науқанының менеджері Уильям Степин, Трамптың жеке көмекшісі Ник Лунадан және президент пулындағы үш журналисттен табылды.

egemen.kz