“Пашинян кет!”. Наразы халық парламентке басып кірді (фото)

54

Мәмілеге көңілі толмаған армяндар алдымен Үкімет үйінің алдына жиналып, артынша Парламентке лап қойды.

Жұрт ғимараттың есік-терезесін талқандап, Пашинян кеңсесінің қақ маңбайындағы тақтайшаны жұлып алған.

“Ашынған жұрт өзге де кабинеттің есік-терезесін бұзып, ішке енуде” деп хабарлайды ТАСС тілшісі.

ВВС агенттігінің хабарлағанындай парламент үйіне басып кірген халық Үкіметтің отставкаға кетуін талап етуде.

“Халық Пашинянның іс-әрекетін сатқындыққа балап отыр әрі күйрей жеңілгенінің белгісі деп есептейді. Олар соңына дейін соғысуға әзір және жеңіске жетеріне сенімді. Мұны ұрыс алаңындағы ахуалға оң баға берген Қорғаныс министрілігінің мәлімдемесі ушықтыра түсті”, – дейді агенттік тілшісі.

Агенттік армян парламентіне басып кірген азаматтардың сөзінен үзінді келтіреді.

“Пашинянды осы араға алып келіңіздер! Оған мұндайға қол қоюға кім рұқсат берді?”, – дейді митингіге қатысушылардың бірі.

Полиция наразы жұртқа кедергі келтіріп жатқан жоқ. Интерфакстің жазғанындай ереуілге шыққан елдің бір бөлігі Пашинян мен өзге де үкімет мүшелері тұратын коттедж ауданды бетке алған.

“Күзетшілер Пашинянның үйде жоқ екенін мәлімдеді. Полиция мен наразы жұрт жанжалдасып қалуы әбден мүмкін”, – дейді Интерфакс.

Алаңға шыққан ел парламент спикері Арарат Мирзоянды қызметтік көлігінен суырып алып, соққыға шыққан. Ол ауруханаға жеткізілген.

Осының алдында Армения үкіметінің басшысы Никол Пашинян Әзірбайжан президенті Ілхәм Әлиевпен бітімге келіп, Таулы Қарабақтағы соғысты тоқтату туралы келісімге қол қойғанын мәлімдеген.

Пашинян өзінің бұдан өзге амалы қалмағанын айтқан.

“Бұл ұйғарым соғыс жағдайы және әскери ахуалмен жете таныс азаматтармен ақыл-кеңескеннен кейін қабылданды. Сарбаздарымыз террористерге, НАТО-дағы саны жағынан екінші орында тұрған мемлекет пен Әзірбайжан әскеріне қарсы қасық қаны қалғанша қарсыласты. Бұл айтуға ғана оңай шаруа”, – деді армян премьері.

НАТО әскерін тілге тиек еткен Пашинян осы арқылы Әзірбайжанға жан-жақты қолдау көрсетіп отырған Түркияны меңзегені анық. Өз кезегінде Баку да, Анкара да “ұрыс алаңында өзге елдің әскери күші жоқ” деп мәлімдеген.

“Соғысты тоқтату туралы мәмілеге келдік. Бұдан өзге амал-шара жоқ. Дәл қазір неге бұлай болғанын ашып айта алмаймын, себебі бұл онсыз да ауыр ахуалды одан сайын ұшықтырып жіберуі мүмкін әрі ұрыс алаңына тікелей әсер етері анық”, – деген еді орайда Пашинян.

Таулы Қарабақ халықаралық деңгейде Әзірбайжанның жері саналады. Бірақ ол 1990-жылдардан бері этникалық армяндардың бақылауында.

Совет Одағы ыдырағанда Ереванның қолдауына ие армян сепаратистері Әзірбайжаннан бөлініп шығатынын мәлімдеп, арты Әзірбайжан мен Армения арасындағы соғысқа ұласты.

Алты жылға созылған соғыс 1994 жылғы келісіммен тоқтады. Бірақ бейбітшілік толық орнаған жоқ, ара-арасында қақтығыстар болып тұрды. Сол уақыттан бері Таулы Қарабақ этникалық армяндардың қолында. Соғыс салдарынан жүздеген мың әзірбайжан босқынға айналды.

 

Dalanews.kz