Қауіпті штамм

18

Әлемдік ақпарат көздерінде Ұлыбри­та­нияда COVID-19-дың бұрын­ғы­дан да қауіпті жаңа штамы пайда болғаны жай­лы хабар тарағалы кәрі құрлықтан маза кеткен.

Вирустың жаңа штамы жайындағы ақпарат 14 желтоқсанда шыға бастады. Елдің премьер-министрі Борис Джонсон 20 желтоқсанда Лондонда, Шығыс, Оңтүстік Шығыс және Уэльс аймақтарында локдаун жария етісімен Еуропаның бірқатар мемлекеті Ұлы­британиямен арадағы барыс-келіске шектеу қоя бастады. Атап айтқанда, Гер­мания денсаулық сақтау ісінің басшысы Йенс Шпан Ұлыбританиядан дүйсенбі күні, яғни 21 желтоқсаннан бастап әуе байланысының тоқтайтынын хабарласа, Франция 48 сағатқа Біріккен Корольдіктен жолаушы және жүк тасымалын доғара тұруды шешкен.

Сонымен қатар Нидерланд мем­лекеті әуе және теміржол қаты­насын жаңа жылдың басына дейін үзетінін мәлімдеп, Италия үкіметі де аралға соңғы екі апта ішінде барған өз азаматтарына елге қайта кіруді кейін шегеру қажеттігін айтып, екі арадағы әуе байланысының тоқтатылатынын хабарлады. Бельгия корольдігі де етек-жеңін қымтап, Ұлыбританиямен ұшақ қатынасын әзірге тоқтататынын мәлімдеген.

­Италиядағы денсаулыққа жауап бе­ретін ведомствоның хабарлауынша, жаңа штамның жұғу жылдамдығы бұрынғыдан әлдеқайда жоғары көрінеді. Қауіпті штамға қатысты қадамдарды ЕО-ға мүше елдердің барлығы қабылдап жатыр. Мәселен, Эс­тония мен Латвия да жылдың со­ңы­­на дейін Ұлыбританиямен ара­да­­ғы әуе қатынасын тоқтата тұр­мақ­шы.

Жаңа штамм ЕО құрамынан бас тарт­қан Ұлыбританияны оқшаулауда кәрі құр­лықтағы одақтастар үшін «Құланның қасынуына, мылтық шүріппесінің ба­сы­­­­луы­­­­­­на» саятындай жақсы бір тетік бол­ғанға ұқсайды.

 

egemen.kz