Қытайдың Африкадағы «қаржы қармағы»

19

«Жұт жеті ағайынды» демекші, коронавирус пандемиясы әлемді бірқатар қиындыққа душар етті. Індет салдарынан көптеген жұмыс орындары жабылып, қызмет көрсету салалары үлкен шығынға ұшырады. Бұдан бөлек, Covid-19-ға қарсы вакцина әзір болғанымен, оны жеткізу, тасымалдау мәселесі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» басылымы жариялаған мақалалар топтамасында коронавирустың теріс әсерлері туралы сөз қозғалады.

Принстон Университетінің биоэтика профессоры Питер Сингер коронавирусқа қарсы вакцинаны егуде кезігетін қиындықтарды этикалық тұрғыда талдайды. Оның айтуынша, екпе бірінші кезекте денсаулық сақтау саласының мамандарына салынуға тиіс. Бұған талас жоқ. Алайда екінші кезекте кімдерге вакцина егілуі керек? Мақала авторы бұл мәселеге этикалық тұрғыда қарауды ұсынады. Яғни тізімді түзер кезде қария кісілерді ғана емес, нәсілдік және этностық ерекшелікті де ескеру қажет.

Queen Mary университеті Жаһандық саясат институтының халықаралық экономика профессоры Паола Субачки коронавирус пандемиясы Африкадағы кедей мемлекеттерге ауыр соққы болды деп есептейді. Мақала авторының айтуынша, Бейжің билігі «қара құрлықтағы» дамушы елдерге шарттары қатаң несиелерді көптеп беріп, оларды қармағына түсірді деп жазады.

Естеріңізге салайық, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

ЛОНДОН. Коронавирус пандемиясы қарызға белшесінен батқан кедей мемлекеттерді дилеммаға толы қиындыққа әкелді. Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, Эфиопияның премьер-министрі Абий Ахмед өкінішпен айтқандай, кедей елдердің басшыларына екі мәселенің бірін таңдауға тура келді. «Не қарызды уақтылы қайтаруы тиіс, не қаражатты адам өмірі мен олардың тіршілігіне қажетті мұқтаждыққа жұмсауы керек». Кейінгісін таңдағанда Африка елдері өзінің ең үлкен қарыз берушісі – Қытайдың алдында жауап беруі қажет. 

Ахмедтің айтуынша, борышты қайтаруға мораторий жариялау Эфопияның коронавируспен күресуіне мол мүм­кіндік берді. Мұндай қадам әлемнің ең кедей елдерінің бірі – Эфиопияны сақтап қала алады. Осы мемлекеттің сыртқы қарызы 2020 жылғы сәуірден жыл аяғына дейін 1,7 миллиард долларға жетсе, 2022 жылға қарай 3,5 миллиардқа жетпек. Оның сөзіне сүйенсек, коронавируспен тиімді күресу құны шамамен 3 миллиард долларды құрайды.

Қарызға мораторий жариялау Анголаны да сақтап қалды. Бүгінге дейін Covid-19 дағ­дарысынан туындаған шикізат бағасының құлдырауына байланысты Чад, Конго Республикасы, Мав­ритания, Судан, Ангола қатты қаржылық қысымға ұшы­рады. Бірақ қыркүйекте Ангола өзінің үш ірі несие берушісімен, олардың ішінде Қытай Даму банкімен (CDB (China Develop­ment Bank) – Ангола 14,5 миллиард доллар қарыз) және Қытайдың Экспорттық-импорттық банкі­мен (EximBank, 5 миллиард доллар қарыз) келісімге келді. Соған сәйкес, 6,2 миллиард доллар қарызын алдағы үш жылда өтейді.

Сол сияқты, қазан айында Замбия доллармен көрсетілген облигация бойынша 42,5 миллион доллар сыйақыны төлей алған жоқ. Осылайша сыртқы қарызы 12 миллиард долларға жетіп, дефолттың алдында тұрды. Бұл ішкі жалпы өнімнің шамамен жартысына тең. Бірақ жоғарыда аталған қытайлық несие берушілер мәмілеге келді. CDB пайыздар мен негізгі қарыздарды төлеуді алты айға, 2021 жылдың сәуіріне дейін шегерді. Ал EximBank өзінің 110 миллион долларлық тәуелсіз несие портфеліндегі барлық төлемдерін тоқтатты.

EximBank-пен келісім G20-ның Қарыз қызметін тоқтата тұру бастамасы (DSSI) шеңберін­де жасалды. Соған сәйкес, әлем­дегі 73 кедей ел екіжақты қарызды өтеуді уақытша тоқтата тұрмақ. Бүгінге дейін 46 мемлекет, соның ішінде Ангола мен Замбия секілді Африкадағы 31 мемлекет DSSI-ға өтініш жасады.

Кейінгі шегерілген төлем­дер­дің шамамен 70 пайызы, яғни 8 миллиард доллары Қытайға тиесілі. Бұл Африканың ресми қарызының 62 пайызын құрайды. Бұл таңқаларлық жағдай емес. 2008 жылғы дүниежүзілік қаржы дағдарысынан бастап Қытай дамушы елдерге тікелей несие беруді тұрақты түрде көбейтіп келді. Мұндай несиені ең көп қарызға алған 50 мемлекеттің Қытайға қарызы 2005 жылы орташа есеппен ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына жетпесе, 2017 жылы 15 пайыздан асып кетті. Мұның қаупі жоғары. Қытай­лық несие берушілер көп­жақ­ты даму банктеріне қара­ған­да қарыз алудың ауыр шарт­тарын – жоғары пайыздық мөл­шерлеме, қысқа мерзім белгі­лейді. 2020 жылғы сәуірде Тан­зания президенті Джон Магуфули бұрынғы басшының ұсынысымен қолға алынған 10 миллиард долларлық жобаны тоқтатамын деп мәлімдеді. Өйткені Қытайдың мұндай қар­жы­ландыру шарттарын «тек маскүнем» ғана қабылдайды деді ол.

Оның үстіне, Қытайдың екі­жақты несиелерінің көп бөлігі саяси банктер мен мемлекет бас­қаратын коммерциялық банктерге тиесілі. Олар Қытай билігінің бақы­лауында болуы мүмкін. Мұн­дай банктер тәуелсіз несие беру­шілер ретінде емес, заң­ды түрде тәуелсіз субъектілер ретін­де жұмыс істейді. Ендеше, Париж клубына мүше ірі тәуел­сіз несие берушілерден айырма­шылығы, олар көбінесе даму несиелері үшін кепілдік талап етеді. Дамушы елдерге берілген несиелердің шамамен 60 пайыз­ға жуығына кепіл қойылған. Мемлекет қарызды жою туралы өтініш бергенде, қытайлық несие берушілер кепілге салынған активтерді иелену құқығын талап ете алады.

Сонымен қатар қытайлық банктердің ресмиі де, жекесі де мәртебесі нақты болмағандықтан, тәуелсіз несиелерді екіжақты және жасырын түрде қайта қарауға құмар. Мәселен, Қытайда коммерциялық несие беруші деп саналатын CDB мен Замбия билігі арасындағы келісім осындай. CDВ-ті Дүниежүзілік банктің және G20 елдерінің DSSI-ге ресми екіжақты несие беруші ретінде қатыстыру жөніндегі ұсынысынан бас тартып, Қытай билігі қарызды қайтару және төлемдерді тоқтату «ерікті түрде және нарықтық принциптерге сәйкес» жүзеге асырылуын талап етті.

Әрине, мұндай жағдайға Қытай ғана кінәлі емес. Бұл көптеген несие берушілердің тиісті қаржыландыруды қамта­ма­сыз етпеуіне, әсіресе инфрақұ­ры­лымдық инвестицияға назар аудар­мауына байланысты. Нәти­жесінде, көптеген кедей мемлекет қытайлық несие берушілерді құшақ жая қарсы алды.

Африка елдері көбейіп келе жатқан халыққа қажетті инфра­құрылымды салуға мүм­кіндігі жоқ. Оның үстіне, олардың халықаралық капитал нарықтары мен банктерге қолы жетпейді. Тәуелсіз несие берушілер де жеңілдік танытпады. Мысалы, 2017 жылы Париж клубының Сахара маңы елдеріне берген мем­ле­кеттік және қоғамдық кепіл­ден­дірілген қарызы тек 5 пайызды құрады.

Қытайлық несие берушілер, керісінше, басқару реформалары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар тұрғысынан көп нәрсе талап етпейді. Осылайша, кедей Африка елдеріне несиені оңай береді. Нәтижесінде, несие берудің қатаң шарттарына байланысты, жұмыс істеуі қымбат және ешқашан лайықты табыс әкелмейтін жобалар басталды.

Covid-19 дағдарысы кезіндегі қарыз мораторийі кедей елдерге уақытша мұрсат беріп, пан­демиямен күреске қаражат бөлуге жағдай жасады. Бірақ бұл қадам аталған елдердің қарыз проблемаларын шеше алмайды. Керісінше, мораторийдің аяқталуы Халықаралық валюта қоры мен басқа да көпжақты институттардың араласуын талап ететін ілеспе дефолт толқынын тудыруы мүмкін.

Осы қарыз мәселесін тұрақ­ты түрде шешу үшін жаңа халық­аралық құрылым қажет. АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Джо Байден Қытайдың тиімсіз несиелендіруіне қарсы әрекет етуге тиіс. Тіпті Қытайды әділет­сіз сауда келісімдері үшін жауап­кершілікке тарту – АҚШ-тағы негізгі екі партияның ортақ келі­сім­ге келе отырып жүзеге асы­ратын мәселелерінің бірі.

 

Паола СУБАЧКИ,

Queen Mary университеті Жаһандық саясат институтының халықаралық экономика профессоры

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org

Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.egemen.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс / Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на egemen.kz: https://egemen.kz/article/262726-qytaydynh-afrikadaghy-qardgy-qarmaghy
© egemen.kz