Таулы Қарабақта тыныштық орнады

26

Таулы Қарабақтағы соғыс тоқтады. Әзербайжан, Ресей, Армения Таулы Қарабақтағы соғысты тоқтату жөнінде үшжақты келісімге келгенін хабарлады. Осылайша, 44 күнге созылған қақтығыстың нүктесі 10 қарашаға қараған түні қойылды.

Үшжақты келісімде мынадай мәсе­ле­лер қамтылған. Біріншіден, 2020 жылғы 10 қарашада, Мәскеу уақыты бойынша 00:00-де атысты тоқтату туралы келісім жа­салды. Осы орайда, соғысып жатқан та­­раптар өздерінің иелігіндегі жерлерде қала бермек.

Құжаттың келесі бағыты Арме­ния­ның басып алған аумағын Әзер­бай­жанға қай­та­ру мәселесіне арналды. Мәселен, 20 қарашаға дейін Ағдам ауданы Бакудің қара­мағына беріледі.

Армения әскері 15 қарашаға дейін Кельбаджар ауданынан кетуі тиіс. Ал 1 желтоқсанға дейін Лачин ауданын босатуы қажет. Алайда осы Лачин дәлізін бақылау Ресейдің бітімгерлік күштерінің қарамағына беріліп, Таулы Қарабақ пен Армения арасын жалғайтын болады. Алайда бұл бағыт бұрынғыдай Шуша қала­сы арқылы өтпейді. Алдағы үш жыл көлемінде жаңа бағыттың жоспары жасалмақ.

Екі тараптың шекарасы мен Лачин дәлізінде Ресейдің бітімгерлік күштері орна­л­асып, бүкіл Армения әскері Әзер­бай­жан жерінен шыға­ры­лады. Құжатқа сүйенсек, бітімгерлер саны 1960 сарбазды құрамақ. Сондай-ақ 90 бронетранспортер, 380 автокөлік пен арнайы техника әке­лінеді.

Бітімгерлік күштер өңірде 5 жылға дейін тыныштықтың сақ­тал­уын қам­та­ма­сыз етпек. Меже­лі мерзім аяқтал­ған соң тараптар қар­сы­лық танытпаса, оның уақыты тағы 5 жылға созылады. Осыған байланысты атысты тоқтатуды бақылау жө­ніндегі бітімгерлік орталық құ­ры­лады.

Бұдан бөлек, босқындар мен қақ­ты­ғыс­қа байланысты қоныс аударғандар Таулы Қарабаққа оралады. Мұны бақылау БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғар­ғы комиссары бақылауымен жүзеге асады. Армения мен Әзербайжан әскери тұт­қындар, қолға түскендер мен қаза тап­қан­дардың денесін алмасады.

Тағы бір айта кетерлігі, келісімге сәй­кес Әзербайжанды Нахчиван ауданымен бай­ланыстыратын жол ашылмақ. Бұл бағыт Арменияның оңтүстігі арқылы өтеді. Оны да бақылау Ресей шекара қыз­метінің құзыретіне беріледі.

Бейнеконференция режімінде өткен құжатқа қол қою рәсіміне Ресей пре­зи­ден­ті Владимир Путин мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қатысты. Жиын барысында Кремль басшысы Таулы Қарабақтағы атысты толықтай тоқ­тату жөнінде мәмілеге қол жеткізгенін ха­барлады.

«9 қарашада Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Армения премьер-ми­нис­трі Николай Па­шинян және Ресей президенті Қара­бақ қақтығысы айма­ғын­да­ғы барлық әскери әрекетті 2020 жылғы 10 қарашада, Мәскеу уақыты бойынша 00:00-де толығымен тоқтату туралы мә­лім­демеге қол қойды.

Әзербайжан Республикасы мен Ар­ме­ния Республикасы өздерінің қара­ма­ғын­дағы территорияларда қалады. Таулы Қарабақтағы түйісу нүктелері мен Таулы Қарабақ пен Армения Республикасын байланыстыратын дәліз бойында Ресей Федерациясының бітімгерлік күш­тері орналастырылып жатыр», деді В.Путин.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Таулы Қарабақтағы әске­ри қи­мыл­дың тоқтатылуына байланысты халыққа үн­деу жасап, келісім туралы жан-жақты ай­тып берді. И.Әлиев құжатқа қол қоюды тари­хи сәтке балады.

«Бұл құжатқа бейнеконференция тү­рін­де қол қойылды. Бастапқыда оған үш елдің басшысы бейнеконференция түрінде қол қоюы керек еді. Бірақ соңғы сәтте Армения премьер-министрі одан бас тартты. Бір жағынан оны түсінуге де болады. Өйткені бұл Арменияның әскери капитуляциясын білдіреді», деді И.Әлиев.

Бұдан кейін Әзербайжан прези­денті мәселенің әскери шешімі бол­ға­нын, бірақ түйткілді саяси жолмен шешетін сәт келгенін жеткізді. Әзербайжан президенті ай­маққа ресейлік бітімгерлерден бөлек, түр­­киялық бітімгерлер де келетінін мә­лім­деді.

Баку мен Ереван қарсылық біл­дір­месе, ре­сейлік бітімгерлер Таулы Қа­ра­бақ­та бес жылға қалады. Кейін ав­то­мат­ты түрде бес жылға ұзартылады. Сондай-ақ тараптар әскери тұтқындар мен қайтыс болғандардың денесін бір-біріне қайтарады. Аймақтағы барлық экономикалық және көлік байланысы ашылады.

Баку Таулы Қарабақтағы әскери қи­мылдарды тоқтату туралы келісім тари­хи шешім және ұзақ жылдар бойы бейбітшілік орнатуға қол жеткізеді деп есептейді. «Қақты­ғыс­ты әскери-саяси реттеу ұзақ жылдар бойы бейбітшілікке, аймақ­тағы келісімге және қарсылық пен қан­төгіске нүкте қоятынына сенім­дімін», деді И.Әлиев.

Армения премьер-министрі Н.Па­ши­нян онлайн-конференцияға қатыс­па­ғанымен, Фейсбуктегі парақ­ша­сында тікелей эфирге шығып, өз шешімі туралы хабарлады.

«Мен Ресей және Әзербайжан прези­дент­терімен Қарабақ соғы­сын сағат 01:00-де аяқтау туралы мәлімдемеге қол қой­дым. Жария­лан­ған мәлімдеменің мә­ті­ні мен үшін және халқымыз үшін ауыр.

Мұндай шешімді әскери жағ­дайды талдап және бәрінен жақсы білетін адамдардың бағасына қарап қабылдадым. Сондай-ақ ол осы жағдайдағы ең дұрыс шешім деген сенімге негізделді», деді Н.Пашинян.

Мемлекеттер басшыларының мұндай мәлімдемелерінен кейін Әзербайжанда жаппай тойлау басталды. Қуанышы қойнына сыймағандар Баку орталығына жиналып, жергілікті уақыт бойынша таңғы төрттен бастап думандатуға кіріс­кен.

Ал Арменияда мәлімдеменің соңы шеруге ұласты. Наразылар Армения парламентінің ғимаратына басып кіріп, парламент ғимараты мен үкімет үйін қиратты. Мәжіліс залындағы мінберге шыққан армяндар Қарабақтағы әскери қимылды жалғастыруды талап еткен. Онымен қоймай, ереуілшілер парламент спикері Арарат Мирзоянды соққыға жықты. Мирзоянды көліктен күш­пен шығарып, реніштерін айтқан. Спикерді әскерилер қор­ғаған. Никол Пашинян Ереванда бүлік жа­саған барлық азамат жауап­қа тартылатынын айтты.

Жалпы, Таулы Қарабақ ресми түр­де Әзербайжанның аумағы саналады. Бірақ Кеңес өкіметі ыдыраған тұста Әзербайжан мен Армения Таулы Қара­бақ аймағы үшін қақтығысты. 1994 жылы Армения мен Таулы Қарабақ және Әзербайжан арасында атысты тоқтату жөнiнде бiтiмгерлiк келiсiм жасалғанымен, Таулы Қарабақ пен оған жапсарлас жатқан аймақтар Арменияның бақылауында қала бердi. 1988-1994 жылдары болған соғыста 30 мыңдай адам қаза та­­­­уып, миллионға жуық әзербайжан босып кетті.

Содан бері Таулы Қарабақ этностық армяндардың бақы­лауында. Таулы Қарабақ аймағы 1991 жылы азаттығын жариялады. Алайда әлем­нің бірде-бір мемлекеті оның тәуелсіздігін мойындаған жоқ.

1995 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Ар­ме­ния мен Әзербайжан қақты­ғы­сын шешу үшін Минск тобын жа­сақ­та­ды. Бұл келісімге Франция, Ресей және АҚШ өкіл ретінде енді. Бірақ бұл келісім діттеген мақсатына жеткен жоқ.

БҰҰ Таулы Қарабақ аймағын ресми түрде Әзербайжан аумағы деп мойындап, екі елді мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырып келеді. Тіпті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сі даулы Қарабаққа қатысты 4 қарар қабылдап, Арменияның әскерін Әзербайжан аумағынан шығаруға тиіс деп көрсетті.

Бұған дейін Армения мен Әзербайжан тарапы бірнеше рет «түйісу сызығында» қақтығысқан-ды. Биылғы 27 қыркүйекте Таулы Қарабақ үшін қақтығыс қайта бас­талды. Қаза тапқандар арасында бейбіт тұрғындар да бар. Кейінгі соғыс басталғалы бері тараптар үш рет атысты гуманитарлық мақ­сатта тоқтату туралы келісім жаса­ға­ны­мен, келісімдер сақталған жоқ.

egemen.kz