Әлихан Смайылов инвестициялық штабтың кезекті отырысын өткізді

0 22

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде инвестициялық штабтың кезекті отырысын өткізді.

Отырыста негізгі капиталға және тікелей шетелдік инвестициялар тарту бойынша нысаналы индикаторларды орындау қарқыны, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселе қаралды.

Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6,9 трлн теңгені құрады. Жылжымайтын мүлікпен операциялар, тау-кен өнеркәсібі және мұнай өндіру, көлік және қоймалау, ауыл, орман және балық шаруашылығы, энергетика және өңдеу өнеркәсібі сияқты салалар бойынша айтарлықтай өсім байқалады.

Осы жылы негізгі капиталға құйылған инвестициялар бойынша 4,5% деңгейінде оң динамика байқалып отыр, дегенмен 12 өңір белгіленген нысаналы индикаторларды орындамаған. Ең төменгі көрсеткіштер Шымкент қаласы, Түркістан және Ұлытау облыстарында.

«Ірі компаниялар өндіріске инвестиция салып, жаңа жұмыс орындарын ашуға дайын. Олармен жұмыс істеп, инвестициялық келісімшарттар жасау, жаңа жобалар бойынша – салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беру қажет. Облыстар мен мемлекеттік органдардың басшылығы инвестиция тарту жұмыстарын күшейтіп, бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

I тоқсанның қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар ағынының 54%-ға оң динамикасы тіркелген.

«Қазіргі кезде бірқатар инвесторлардың елімізге өз өндірістерін көшіру ниетімен байланысты мүмкіндіктер ашылуда. Министрлер мен әкімдер осы бағытта туындайтын мәселелерді жедел шешу үшін бар күш-жігерін жұмсасын», — деді Әлихан Смайылов.

Отырысты қорытындылай келе, Премьер-Министр мемлекеттік органдар мен әкімдіктер барлық жоспарланған инвестициялық жобаны іске қосу бойынша түбегейлі шаралар қабылдауы тиіс екенін атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.