Жаңалықтар

Алматы үшін 7 балдық жер сілкінісі аса қауіпті болуы мүмкін – Сейсмология институты

Алматы үшін 7 балдық жер сілкінісі аса қауіпті болуы мүмкін – Сейсмология институты

Бүгін Алматыдағы сейсмология институтының мамандары брифинг өткізіп, жер сілкінісі туралы хабарламаның фейк екенін және алдағы бір аптаға арналған болжамдарын жария етті, деп хабарлайды Жамбылинфо. Сейсмология институты директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков 10-17 қаңтар аралығында Алматыда қатты жер сілкінісі болмайтынын хабарлады.

«Қорытындыға сәйкес, Алматының айналасындағы сейсмологиялық белсенді аумақта магнитудасы 5,5-7 балдық жер сілкінісі болады деген болжам жоқ», - деді бүгін Алматының ТЖД өткен брифингте Нұрсәрсен Өзбеков.

Журналистердің сұрағына жауап бере отырып Өзбеков Алматы үшін қанша балдық жер сілкінісі қауіпті болуы мүмкін екенін түсіндірді.

«Бұл сұраққа қатысты сейсмологтар әзірлеген халықаралық шкала бар. Ол - МСК-64. Яғни, осы шкалаға сәйкес 7 балдық жер сілкінісі ғимараттарды құлататындай қатты дүмпуге жатады. Ал, Алматының топырағын ескергенде, осы 7 балл және одан жоғары жер сілкінісі ғимараттарды қирататындай болады», - деді Нұрсәрсен Өзбеков.