Алматыда автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, бір адам қаза тапты
Алматы қаласындағы Мақатаев көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында 18-автобусқа жеңіл көлік соқтығысқан. Нәтижесінде бір адам қаза тауып, 16 жолаушы зардап шекті, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Автобусқа Kia кроссовері келіп соқтығысқан. Оқиға орын алған сәтте жүргізуші баяулауға тырысқанымен рөлді басқара алмай тротуардағы стендке соқтығысқан.
“Өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.Тиісті сараптамалар тағайындалды. Бұл жол-көлік оқиғасы Алматының Алмалы ауданында сағат 14:20-да болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, Kia маркалы автомашинаның жүргізушісі Мақатаев көшесін оңтүстік бағытта кесіп өтіп, "City-Bus" ЖШС жеке тасымалдаушысы қызмет көрсететін 18-маршруттық автобуспен соқтығысқан. Кейіннен кедергіге соқтығысуға жол берген”, – деп пікір білдірді Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.