Алматыдағы өртті ұйымдастырған өрт сөндіруші екені анықталды

0 47

Алматыдағы өртті ұйымдастырған қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушісі екені анықталды. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство ақпаратына сүйенсек, 7 қыркүйекте YouTube-тегі каналдардың бірінде «МЧС поджигает Казахстан. Установлена личность поджигателя из Алматы» атауымен видеоролик орналастырылған. ҚР ТЖМ соған қатысты тексеру жүргізген.

«Видеороликте өртті ұйымдастырғандардың бірі өртке қарсы қызмет қызметкері Жанат Утеулиев деп айтылған.

Бейнероликте көрсетілген азамат Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ № 5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкері, аға өрт сөндіруші, азаматтық қорғау сержанты, 1983 жылы туған Жанат Ерғалиұлы Утеулиев болып табылады. Ол азаматтық қорғау органдарында 2008 жылдан бастап қызмет атқарады.

Ж.Е. Утеулиевті Алматы облысы Жамбыл аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ұстап, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 440-бабы 1-бөлігі және 505-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — делінген министрлік хабарламасында.

Мәлім етілгендей, тексеру шаралары барысында Ж. Утеулиев құрғақ шөпті не үшін өртегенін түсіндіре алмаған.

«Себебі ол қатты мас күйде болған. Қазіргі уақытта қызметтік тергеп-тексеру белгіленді», — деді министрліктің баспасөз қызметінен.

Дереккөз: http://inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.