Алматылық тұрғынның лицензиясыз криптовалюта операциялары арқылы тапқан көлігі тәркіленді

Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді
Алматыда жас жігіт цифрлық активтерді заңсыз айналымға шығарғаны үшін сотталды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
"2020 жылдың қыркүйегінде, әлі кәмелетке толмаған кезінде, фигурант танымал мессенджер мен белгілі бір интернет-платформада айырбастау операцияларын жүргізу туралы хабарландыру орналастырған. Пайдаланушылар Binance криптобиржасында тек кәмелетке толған соң ғана тіркеле алатындықтан, ол верификациядан өту үшін ағасынан көмек сұраған. 2021 жылы ол қосымша үш аккаунтты туыстарының атына тіркеп, айналымдағы сомаларды бөліп, бұғатталу қаупін азайтуға тырысқан. Нәтижесінде, 2021 жылдан 2024 жылға дейін 5,6 млрд теңге көлемінде цифрлық активтердің заңсыз айналымы жүзеге асырылған. Ал айырбастау қызметтеріне алынатын сыйақы мөлшері 0,5%-дан 2,5%-ға дейін болған", – делінген хабарламада.
Жас жігіт осы кәсіптен түскен ақшасына Mitsubishi автокөлігін сатып алған. Алайда көлікке тыйым салынып, сот шешімімен тәркілеуге жататын мүлік деп танылды. Сонымен қатар, 5172 доллар көлеміндегі цифрлық активтері де мемлекет пайдасына алынды.
Сот "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, аса ірі көлемде табыс тапқаны" үшін оған екі жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.