Жаңалықтар

ALT университетінде автомобиль саласы мамандарын даярлауға арналған инженерлік зертхана ашылды

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ALT University базасында Orbis Auto автомобиль тобымен стратегиялық серіктестік аясында құрылған оқу-тәжірибелік инженерлік зертхананың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бұл жоба – автомобиль саласы үшін өндірістік-білім беру ынтымақтастығын және тәжірибеге бағытталған оқытуды дамытудағы маңызды кезең.

Жаңа зертхана «Автомобильдер және автомобиль шаруашылығы», «Автомобильдер, жол және құрылыс машиналары», «Автомобиль инжинирингі» білім беру бағдарламаларына енгізіледі. Ол заманауи автомобиль индустриясында қолданылатын нақты технологиялық шешімдер мен жабдықтар негізінде оқуға мүмкіндік беріп, студенттердің оқу барысында практикалық дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді.

Ашылу салтанатында Orbis Auto бас директоры Динара Ысқақова жобаның адами капиталды дамыту және автомобиль өнеркәсібі үшін кадрларды даярлаудың ұзақ мерзімді стратегиясының бөлігі екенін атап өтті.

Сондай-ақ Orbis Auto компаниясының инженерлері мен техникалық мамандары практикалық салалық тәжірибені білім беру процесіне енгізе отырып, қонақ дәрістері мен шеберлік сабақтарын өткізетіні атап өтілді.

Салтанатты рәсім барысында университеттің Басқарма төрағасы - ректоры Меруерт Жармағамбетова зертхананың ашылуы ALT университеті үшін маңызды оқиға екенін атап өтті. Оның сөзінше, бизнеспен серіктестік – заманауи инженерлік даярлықтың негізгі элементі әрі білім, ғылым және нақты экономика секторының интеграциясының маңызды құралы. Orbis Auto-ның қатысуымен құрылған зертхана өнеркәсіптік компаниялар мен университеттің жаңа буын мамандарын даярлауда тиімді жүйе құра алатынын көрсетеді.

Зертхананың жұмыс форматы студенттердің нақты өндірістік және қызмет көрсету процестеріне ерте енуге мүмкіндік береді: бірінші курстан бастап олар қазіргі заманғы көліктердің қозғалтқыштарымен, беріліс қораптарымен, электрондық басқару блоктарымен және электр жүйесінің компоненттерімен жұмыс істей алады. Оқу кеңістігі құрамдас бөліктер мен жүйелерді құрастыруға, бөлшектеуге, диагностика жасау, бөлшектеп талдау және әртүрлі өндірушілердің техникалық шешімдерін салыстырмалы талдауға мүмкіндік беретін кәсіби жабдықтар мен құралдармен жабдықталған.

Зертханада Toyota, Audi, Volkswagen, Cadillac, EXEED, Geely және Zeekr брендтерінің модельдерінде қолданылатын қуат берілістері мен электрондық компоненттер ұсынылған. Бұл жабдық компоненттер архитектурасы мен құрастыру принциптерінен бастап диагностикалық және қызмет көрсетуді қолдау талаптарына дейін халықаралық автомобиль өндірушілерінің стандарттарына сәйкестікті қамтамасыз етеді. Зертхананың жабдықтары технологиялық жетістіктерді, цифрлық шешімдерді және Қазақстандағы жергілікті өндірістің перспективаларын көрсету үшін жаңартылады.

Orbis Auto мен ALT университетінің арасындағы серіктестік 2025 жылғы қазан айында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюдан басталды. Құжат студенттердің Orbis Group дилерлік орталықтары мен кәсіпорындарында практика және тағылымдамадан өтуін, сондай-ақ үздік түлектерді кейіннен жұмысқа орналастыру мүмкіндігін көздейді. Сонымен қатар келісім университет пен компания арасындағы тәжірибе алмасуды, заманауи білім беру форматтарын енгізуді және бірлескен қолданбалы жобаларды жүзеге асыруды қамтиды. Сол жобалардың бірі – осы инженерлік зертхананың ашылуы болды.