Ананы ардақтау – биік парыз, мәртебелі міндет
Ананы ардақтау – биік парыз, мәртебелі міндет
Ардақты аналар, аяулы арулар! Сіздерді көктемнің көрікті мерекесі, келе жатқан 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Қай қоғамда болсын әйелдер қауымының алар орны айрықша. Өйткені жер бетіндегі жақсылық, ізгілік пен ұлылық атаулының бәрі де әйел-ананың ақ сүті мен ақ ниетінен тарайды. Өйткені ана – бейбіт тірлік пен бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы. Жарқын істердің бастаушысы, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегі. Сіздердің бойларыңызда нәзіктік пен сұлулық, ақыл мен парасат, төзімділік пен өрлік сияқты қасиеттер үндесе үйлесіп жатады. Халқымызда «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» деген аталы сөз бар. Бұл – анаға деген құрметтің ең биігі, шынар шыңы деп білеміз. Еліміздің өркендеуі мен облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында нәзік жандардың еселі еңбегі мен қажырлы қайратының қарымды үлесі жатыр. Әсіресе рухани салада қол жеткен табыстарымызға әйелдер ерекше үлес қосып келеді. Мемлекетімізде ана мен бала қамқорлығына, олардың денсаулығына айрықша көңіл бөлінуде. Әлеуметтік көмектер көлемі жыл санап өсіп келеді. Бұл жұмыстар біздің облысымызда да жүйелі жүзеге асуда. Ана әрқашан зор қошеметке лайық жан. Ананы ардақтау – биік парыз, мәртебелі міндет. Қымбатты аналар, қыз-келіншектер! Баршаңызды көктем мерекесімен тағы да шын жүректен құттықтай келе, сіздерге зор денсаулық, мол бақыт тілейміз. Ана қуанышы, әйел қуанышы – үйдің, отбасының, Отанның мерейі. Әрдайым шат-шадыман күй кешіп, бақ-берекелеріңіз арта берсін! Облыс әкімі Б.Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы М.Сарыбеков