Ақпан айында жетісайлық диқандар 120 тонна қырыққабат жинады

4

 

Түркістан облысының Жетісай ауданында ағымдағы жылы 900 гектарға қырыққабат көшеттері отырғызылған. Жергілікті диқандар ақпан айында 120 тонна қырыққабатты жинап, саудаға шығарды.

Жалпы ауылшаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 78 500 гектарды құрайды. Өткен жылы ауданда 1 170 гектарға қырыққабат егіліп, одан 36 мың тонна өнім жиналған. Жаңа дәуір елді мекенінде орналасқан «Шаблан» шаруа қожалығы жыл сайын көкөністің осы түрін егумен айналысады. Биыл қожалық 3,5 гектарға қырыққабат егіп, қазіргі таңда одан 70 тонна жинап алған. Ал, Нұрбол Әметов есімді шаруа 50 тонна өнім жинаған. Диқандар алынған өнімдерін жергілікті базарларға және республиканың өзге өңірлеріне жөнелткен. Одан бөлек, былтыр ауданда 65,5 млрд теңге ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген.

Аталған салаға өткен жылы 2 млрд 600 млн теңгенің инвестициясы тартылып, 2019 жылмен салыстырғанда аталған салаға тартылған инвестиция көлемі екі есеге артқан. Айта кетерлігі, күзгі және көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге Үкімет тарапынан жеңілдетілген бағада бөлінген 9500 тонна жанар-жағармай шаруаларға үлестірілген.