«Ақпаратты дұрыс жеткізбейді»: Смайылов Ауыл шаруашылығы министрлігін сынады

0 78

Премьер-министр Әлихан Смайылов бейнеконференция байланысы режимінде жеке бизнес өкілдерінің, «Атамекен» ҰКП және орталық мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен Отандық кәсіпкерлер кеңесінің кезекті отырысын өткізді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Отырысқа қатысушылар Үкіметтің орта мерзімді кезеңге арналған жаңа экономикалық саясатының жобасын қарады. Ол едәуір экономикалық еркіндікті қамтамасыз етуді, экономиканы диверсификациялауды, экспорттық әлеуетті және еңбек өнімділігін арттыруды, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуді, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғауды дамытуды көздейді.

Сонымен қатар отырыста агроөнеркәсіп кешенін, тау-кен металлургиясын, көлік саласын, энергетиканы және салықтық әкімшілендіруді дамыту мәселелері қаралды. Атап айтқанда, бизнестің проблемалық мәселелерін «EPG Education» ЖШС директоры Досым Бесбай, «Олжа Агро» ЖШС директоры Айдарбек Қожаназаров, «Атамекен» ҰКП төралқасының Геология саласы, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі комитетінің төрағасы Николай Радостовец және «Визор Қазақстан» инвестициялық компаниясының серіктесі Алмас Чукин көтерді.

Ауыл шаруашылығын реттеу мәселелерін талқылау аясында Премьер-Министр салалық министрлік тарапынан жіберілген кемшіліктерге назар аударды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі атқарылып жатқан жұмысты дұрыс түсіндірмейді. Сондықтан кәсіпкерлерде не болып жатқаны туралы қате түсінік қалыптасады. Бидайды шығаруға ешқандай тыйым салынған жоқ! Біз квота түрінде шектеулер енгіздік, бірақ оны әдеттегі экспорт көлемінен жоғары қойдық, — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, егер Қазақстан айына шамамен 350 мың тонна астық экспорттап отырған болса, квота биылғы қыркүйек айының соңына дейін қолданыстағы экспорттық келісімшарттарды шектемей, азықтық астықты бақылаусыз жаппай шығарудың алдын алуды қамтамасыз ету үшін айына 500 мың тоннадан жоғары деңгейде белгіленді.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов АӨК субсидиялау жүйесін реформалау тақырыбын қозғады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.