Қарағанды облысында мал ұрлығының алдын алу мақсатында мобильді бекеттер қойылды
Мобильді бекеттердің негізгі міндеті – ет өнімдерін тасымалдайтын көліктерді тексеріп, олардың құжаттарының заң талаптарына сәйкестігін бақылау.
Қарағанды облысында мал ұрлығының алдын алу және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің мүлкін қорғау мақсатында 15 қыркүйектен бастап республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда 20 мобильді бекет жұмысын бастады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Тексеріс жұмыстарына патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар және криминалдық полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Бес күн ішінде тәртіп сақшылары 2 мыңға жуық автокөлікті тексеріп, тасымалданған ет өнімдерінің құжаттарын бақылаудан өткізді.
Айта кетейік, өткен жылы облыс аумағында мал ұрлығына қатысты 25 дерек тіркеліп, 147 мал қолды болған. Оның ішінде 64-і жылқы, 44-і ірі қара, қалғаны ұсақ мал болған. Жүргізілген кешенді шаралардың нәтижесінде 95 бас мал табылып, иелеріне қайтарылды.
Статистикаға сүйенсек, 19 жағдайда мал жайылымнан қараусыз жүрген жерден ұрланған, ал 6 дерек мал қорадан қолды болу фактілеріне қатысты. Сонымен қатар кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 18 адамнан құралған 4 қылмыстық топ ұсталып, олардың заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қойылды.