Арапа күні әйелдер не істеуі керек?
Мұсылман қауымы үшін қасиетті күндердің бірі - Арапа. Ол Құрбан айттан бір күн бұрын басталады. Арапа күні Құдайға құлшылық жасаған, дұға-тілек тілеген жандардың ниеті қабыл болады. Ал әйелдер бұл күні Айт мерекесіне дайындық жасайды,-деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Арапа күнінің маңыздылығы туралы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде былай делінген: «Алла тағала Арапа күнінде құлдарына назар салады. Түйірдей иманы бар болған адамды кешіреді» (Ғунийа).
Ертең – ұлы мейрам, аса қадірлі мереке. Ерекше дайындықты талап ететін күн. Сондықтан әйелдер төменде көрсетілген дүниелерді жасауы тиіс:
1. Дайындықты ерте бастаңыз.
2. Үй іші, аулаңызды мұқият тазалаңыз.
3. Бұл күні қажылықтағылар Арафатта тұрып (бесін мен асыр намаздарының аралығындағы уақытта) дұға жасайды. Сол себепті сіз де үйде отырып ғұсыл құйынып, шын жүрегіңізбен дұға жасаңыз. Алладан отбасыңыздың берекесін, балаларыңыздың амандығын, еліміздің тыныштығын тілегеніңіз дұрыс.
4. Содан кейін бауырсақ пісіруге кірісе берсеңіз болады.
5. Ертең қонақтар келгенде үлгермей жүрмеуіңіз үшін дастарханға қоятын тәтті, дәмдеріңізді осы күні даярлап қойыңыз.
6. Бұл мерекенің маңыздылығын балаларыңыз да түсінсін. Оларға сый- сыяпат жасауды ұмытып кетпеңіз.