Жаңалықтар

Қаржылай қолдау – табыс кепілі

Мемлекет басшысы халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Үкіметке кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауды тапсырды. «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап», – деді Президент. Яғни, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елде шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау мақсатында экономикалық «Бірыңғай кешенді бағдарлама» қолға алынды. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – экономиканың түрлі секторларында бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын кәсіпорындарды дамытуға бағытталған.

Облыс әкімдігі кәсіпкерлік басқармасының өнеркәсіп және қазақстандық қамтуды дамыту бөлімінің бас маманы Талғат Шалдарбековтың айтуынша, бағдарлама аясында кәсіпкерлер несиенің сыйақы мөлшерлемесін төмендетіп, «Даму» қорының ішінара кепілдігін пайдалана алады. «Бірыңғай кешенді бағдарламасы» кәсіпкерлікті қолдауға арналған бұрынғы бағдарламаларды жетілдіре отырып кәсіпкерлерді несиелендіру бойынша жасалған бағдарлама. Бұл бүгінгі күні алты бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, ол «Микрокәсіпкерлік», «Шағын және орта кәсіпкерлік», «Өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласындағы шағын, орта және ірі кәсіпкерлік», «Моно және шағын қалалар, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік», «Әлеуметтік кәсіпкерлік» және «Биржа арқылы» бағыттары бойынша қаржыландырылады», – дейді ол.

Бағдарлама аясында негізінен өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу және жоғары технологиялық қызметтегі жобалардың несие мөлшерлемесін субсидиялауға басымдық беріліп, сараланған әдіс пайдаланылады. Мұндай жобалар бойынша алғашқы үш жыл ішінде кәсіпкер несиесін 8 пайызбен, төртінші жылдан бастап 9 пайызбен, бесінші жылдан бастап 10 пайызбен төлейді. Сонымен қатар, бағдарлама қор нарығын дамытуды көздейді. Мәселен, облигациялар шығарылымының бір эмитентке деген жиынтық номинал құны 3 миллиард теңгеден 5 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылып, кәсіпкер үшін 5 жылға дейінгі мерзімге 6 пайыздық түпкілікті мөлшерлеме белгіленді. Сондай-ақ, қор қаржылық қолдау шараларын кеңейтіп, субсидия құралынан кепілдік беру құралына қарай кезең-кезеңімен көшуге ниетті. Бұл жаңалық несиеге кепілдік беру аясын кеңейтеді. Қазір кепілдік берілетін несие сомасы 1 миллиард теңгеден 3,5 миллиард теңгеге дейін көтеріліп, кепілдік мөлшері несие сомасының 50 пайызын құрады.

– Бұл бағдарламаның өңірімізде жүзеге аса бастаған уақытынан бері барлық қаржы құралдары арқылы жалпы сомасы 265,3 миллиард теңгені құрайтын 10572 жоба жүзеге асырылуда. Осының арқасында 27770 жұмыс орны сақталып, 7150 жаңа жұмыс орны ашылған. Осы жобаның 6216-сы Тараз қаласында қолдау тапса, қалған 4356 жоба аудандардың еншісіне тиген. Оның ішінде бағдарламаның бірінші және екінші бағыттары аясында «Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау» арқылы жалпы құны 201,5 миллиард теңгені құрайтын 5657 жоба жүзеге асырылуда. Ал, биыл жалпы несие құны 16881,3 миллион теңгені құрайтын 180 жоба қаржыландырылған. Осы тұста атап өтерлігі, Тараз қаласында 3309, ал, аудандарда 2345 жоба қолға алынған, – дейді Талғат Шалдарбеков.

Жалпы, бағдарламаның бағыттарының ішіндегі тармақтар бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың өзі де ауқымды. Мәселен, бөлімнің бас маманының айтуынша, бағдарламаның бірінші бағыты аясында «пайыздық ставканы субсидиялау» құралы бойынша жобалардың басым бөлігі Байзақ, Меркі мен Шу аудандарында жүзеге асырылуда. Айталық, «Кредиттер/қаржылық лизинг бойынша кепілдіктер беру» құралы аясында, жалпы кепілдігі 41,5 миллиард теңгені құрайтын 4482 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 2766-сы Тараз қаласының, қалған 1716-сы аудандардың еншісінде. Ал, «Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылым жүргізу» құралы бойынша, жалпы құны 22,1 миллиард теңгені құрайтын 145 жоба мақұлданып, жүзеге асырылу үстінде. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде 2223 жұмыс орны сақталып, 2967 жаңа жұмыс орны ашылған. Қарап отырсақ, 145 жобаның 18-і Тараз қаласында, 127-сі аудандарда іске асырылған.

– Бүгінгі таңда бастаушы кәсіпкерлер үшін мақсатты мемлекеттік гранттарды ұсыну қарастырылып отыр. 2013 жылдың сәуір айынан бастап облысымызда «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» шеңберінде мемлекеттік гранттарды қаржыландыру тетігі жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда жоғарыда аталған құрал бойынша, жалпы құны 733,9 миллион теңгені құрайтын 281 кәсіпкердің жобасы қаржыландырылды. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде 869 жаңа жұмыс орны ашылды. Ол жобалардың 120-сы Тараз қаласының, 161-і аудандардың еншісіне тиген. Биыл мемлекеттік гранттар әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне, «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалисттері болып табылатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне өтеусіз негізде беріледі. Бір кәсіпкер үшін мемлекеттік грант сомасы 5 миллион теңгеге дейін құрайды, – дейді облыс әкімдігі кәсіпкерлік басқармасының өнеркәсіп және қазақстандық қамтуды дамыту бөлімінің бас маманы Талғат Шалдарбеков.